Өңір тұрғындарын алаңдатқан мәселелер назарға алынды

Бүгін облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Шу ауданының белсенді азаматтарымен кездесу өткіздім.
Жиында аудан аумағында қалыптасқан бірқатар мәселеге баса назар аударылып, жауапты органдармен шешілу жолдары қарастырылды.
Бұдан соң, тұрғындардың талабы бойынша бірқатар обьектілерді аралап, ондағы жағдаймен таныстым.
Алдымен Төле би ауылының маңында орналасқан сарқынды су жиналатын нысанда тұтанған өрттің аумағын барлап, жедел қабылданған шаралардың барысын зерделедім.
Аумағы 47 гектарды алып жатқан тілсіз жаудың бетін қайтару үшін мұнда өрт сөндіру қызметі тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Осы орайда төтенше жағдайлар бөліміне, жергілікті атқарушы органға дала өртін болдырмау, алдын алу бойынша нақты ұсыныс әзірлеу тапсырылды.
Сонымен қатар аудан халқы шағымданған Шу өзенінің бойындағы рұқсатсыз карьер қазу, табиғи ресурстарды заңсыз тасымалдау мәселесіне қатысты жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.
Ауданға жұмыс сапарымның соңында “Shengtai biotech LTD. Fufeng group” ЖШС жүгері өндеу  зауытының басшылығымен кездесіп, қоршаған ортаны қорғау, аудан халқына қолайсыздық тудыратын кейбір мәселерге қатысты пікір алмасып, ұсыныстарымызды жолдадық.
Өндірістің өңірді өркендету жолында алатын орны зор. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта өңірде қалыптасқан проблемалық мәселелерді шешу бойынша бірлескен жұмыстар басталуы маңызды. Осы ретте алдағы уақытта аудан әкімдігімен жоғарыда аталған мәселелерге қатысты нақты іс-шаралар жоспары әзірленіп, орындалуы қатаң бақылауда болады.
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары 
Comments (0)
Add Comment