Сарысу ауданы бұрыннан өндірісі өркендеген, экономикасы дамыған аймақ ретінде белгілі. Қазіргі таңда ауданның өндірістік әлеуеті дамып, кәсіпкерлік бағытында қыруар жұмыс атқарылуда.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіровпен «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасы Дауыл Ынтықбайұлымен бірге өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Аймақтағы айтулы инвестициялық жобалардың бірі кальцийленген сода өндіру бойынша бірегей зауыт салу бастамасы. Соның аясында ауданда Түркиялық инвестор Yıldırım Holding компаниясы «Qazaq soda» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні зауыттың іргетасы қаланып қойған. Ол үшін аудан тарапынан 38 гектар жер берілген. Сондай-ақ, өндіріске қажетті тұз да Сарысудың өзінен шығады.
Бұл да экономикалық жағынан тиімді. Су мәселесі де жолға қойылып, көрші Талас ауданындағы Ақкөл көлінің суы 43 шақырымнан келеді екен. Айта кетейік, жоба толық аяқталған соң еліміздегі шыны, химия, металлургия, тау-кен және тоқыма өнеркәсібіне қажетті кальцийленген сода өндірумен айналысатын алғашқы кәсіпорын болады. Әрі, 1300 тұрақты жұмыс орнын құрылатын болса, оның басым бөлігін жергілікті азаматтар құрамақ.
Келесі кезекте, «Еврохим — Қаратау» ЖШС Химиялық кешен құрылысымен таныстық. Өздеріңізге мәлім, серіктестік өз жобаларының бірінші кезеңін аяқтап, жұмысын бастап кетті. Бүгінгі күні өндіріс орынында фосфорит кенін өндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ірі бастаманың екінші кезеңі бастау алып, азот, фосфор, калий өндіретін кешен салынуда. Өз кезегінде, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тартуды ұсындық. Бұдан өзге, жергілікті компанияларға да сенім арту керектігін де жеткіздік.
Осы уақытқа дейін «Қазфосфат» арқылы фосфор өндірумен аты шыққан Сарысу ауданы енді «Еврохим — Қаратау» ЖШС екінші кезеңі және сода өндіруде белсенділік танытатын болады. Өндірісі өркен жайып келе жатқан өңірде бастамаларға қолдау бар. Ендігі мақсат жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына назар аудару.