Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялады. Жолдауда ішкі саяси мәселелер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері айтылды. Президент баршамыздың ортақ шаңырағымыз – Қазақстанды өркендетуге шақыратынын айтты. Сондай-ақ, ең алдымен ел-халықты толғандыратын мәселелердің шешімін табуға, әлеуметтік ахуалды жақсартуға байланысты жоспар әзірлеу қажеттігіне назар аударды.
Қазақстан Президенті сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі екендігін баса айтты. Ұлы Абайдың алтыншы қара сөзінде айтқан «Бірлік – ақылға бірлік» деген сөзін келтірген Қасым Жомарт Тоқаев: «Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін» – деді.
Ең бастысы халық оң өзгерістерді сезінуі тиіс деген Президент, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға алдыңғы кезекте баспана беру қажеттігі жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Жыл сайын мыңдаған отбасыны баспанамен қамтып, жағдайын жасау ел тізгінін ұстаған азаматтардың парызы болуы тиіс. Өте құптарлық жағдай. Себебі алдымен ана мен бала бақытты болған жағдайда еліміз көркейіп, гүлденеді. Сондықтан барынша қамқорлық танытқан ел Президентінің бастамасына қолдау білдіріп, Жолдауда айтылған әрбір сөздің нақты іске айналатынына сенеміз.
А. Базарбай,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті
ЖД-158/2 мекемесінің сотталғандар арасында
әлеуметтік-психологиялық жұмысы бойынша бөлімінің
ЕТО инспекторы, әділет капитаны