«Өлімнен басқа таңдауы қалмайды»: Психолог жасөспірімдердің суицидке баруына не әсер ететінін айтты

Психолог бүгінде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының бірнеше себептері бар екенін алға тартты.

“Жаңа айфоны болмаса, тозық аяқ киім кисе қатарластары мазақтайды”

Айгүл Асқарқызы солардың бірі қазір қоғамда етек жайған буллинг әрекеттері екенін мысал етті.

“Буллинг көбіне баланың әлеуметтік теңсіздігіне байланысты туындап жатады. Мәселен, басқалар сияқты киіне алмай, өзгелер сияқты жаңа “iphone” телефонын ұстай алмаса, ортасынан кемсітушіліктер басталып кетеді. Ол мектепке аяқ киімі тозып баруы мүмкін. Сол үшін қатарластары басында кекетіп-мұқатып, кейін топтық мазаққа айналып жатады. Ал бала болса келіп, ата-анасынан өзінің қажеттілігін сұрай алмайды. Себебі жағдайды біліп, түсініп тұр. Сосын амалсыз мектепте қорланып жүре береді. Кейін шыдамының шегі таусылғанда өлімнен басқа таңдауы қалмауы мүмкін. Өйткені, өзін қоршаған үйдегі жағдайы да, мектептегі жағдайы да нашар болса онда бала өмірден мән таппайды. 80 пайыз балалар қазір буллингтің құрбаны”, –  деді психолог.

Маманның айтуынша, дәл осындай кезеңдерде бала өзін қоршаған екі жақтан тірек іздейді.

“Көбіне ата-ана дастархан басында ұрыс-керіс пен түрлі мәселелерді көтеріп отырады. Кейін баланың тіпті шәй басына келуге құлқы болмайды. Ата-ана материалдық жағдайын жасадым, мектепке барып жүр, демек бәрі жақсы деп топшылап жатады. Алайда оның ішкі жағдайын көбіне түсінуге тырыспаймыз”, – деп қосты маман.

Психологтың айтуынша, әлеуметтік буллингтер, мектептегі зорлық-зомбылық, ата-ана арасындағы жанжал, ажырасу туралы сөздер, жақын адамдарының қайтыс болуы деген сияқты түрлі факторлар бала психологиясына үлкен әсерін береді.

“Ата-аналардың уақыты жоқ”…

Психолог қазір ата-ананың балаға қарайтын уақыты болмағандықтан балалар тәрбиені әлеуметтік желілерден алып жатқанын тілге тиек етті.

“Бала үшін отбасының рөлі бірінші орында. Ата-анаға баланың өмірі қызық болмаса, балаға да өз өмірі аса мәнді болмайды. Себебі оны суицидқа жетелейтін оның ішкі бостығы. Жаман ойлар оған ешқандай амал мен жақын адамның жоқ деген иллюзиясынан туындайды.

Өзіне еш жерден көңіл бөлінбеген бала, қызықты басқа жақтан іздейді. Мәселен, әлеуметтік желі ішінде баланы еліктіріп алып кететін түрлі ситуациялар бар. Оылайша, барлық мәселенің шешімін ол компьютердің ішінен табады”, – деп қосты психолог.

Маман осы тұста жағдайлары жақсы, оқуда озат оқушылардың да өз өмірлерін қия салатынын растады.

“Бұған не себеп болды деген сауалдың келетіні анық. Олар керісінше, жақсы оқиды, жақсы отбасында тұрады. Бірақ мұның бәрін не үшін істеп жүрмін деген түпкі рухының бостығы себеп болуы мүмкін. Ол барлығына жақсы болудан, отбасына жақсы атақ әкелуден жалығуы мүмкін. Екінші себеп психологиялық қысымнан өзін алып шыға алмауынан туындайды”, – деп қосты Айгүл Асқарқызы.

“Ертегілер мен батырлар жыры көмектеседі”…

Психолог осы тұста адамның туылғаннан тәрбиеден қалыптасатын ішкі рухы өте маңызды екенін алға тартты.

“Мысалы денеміз жан мен тәннен тұрса. Тәнімізді біз түрлі тәсілдермен, дәрілермен емдей аламыз. Тіпті, тән өз-өзін емдейтін қабілетке ие. Ал жанды кез келген адам емдей алмайды. Бұл ішкі рухтың қаншалықты мықты болуына байланысты. Өмірден мән таппайтындар көбіне рухани жұтаң болады. Яғни мұндай адамдарда қиыншылықтан алып шығатын “мен” деген күшті рух болмайды”, – деп қосты ол.

Айгүл Асқарқызы баланың кез келген жағдайда мықты болып, қиындықтарға қасқая тұра алуы үшін, жақсылық пен жарқын болашақтан еш үмітін үзбеуі үшін оған кішкентай күнінен рухани тәрбие берілуі керек екенін алға тартты.

“Ертегі оқып түрлі жағдайларда батырлардың қалай қайыспай қиындықтарды жеңгені сияқты туындылармен баланы сусындап өсірсе, оның ішкі рухы қалыптасады. Батырлардың барлығын жеңіп, соңында бақытты болғаны балаға айтылса, оның ішінде де сондай жігер қалыптасып, өмірде кез келген қиындықтың соңы жақсылықпен аяқталатынына сенім пайда болады. Адамда ішкі рухтың мықты болуы өте маңызды. Бұл кез келген өмірлік сынақтарда, оған күш беріп қарсы тұруға, мәселелерді шешуге негіз болады”, – деп атап өтті маман.

“Мама, мені тыңдашы” деген ішкі сигнал”…

Психолог баланың өзгеріп жүргенін кез келген ата-ана түсіне алатынын алға тартты. Дегенмен ең басты қателік көп жағдайда баланың көңіл-күйіне ешкім мән бермей жатады.

“Баланың өмірден түңілуі ашуланшақ, агрессивті қызба мінезінен басталады. Қарсы шығып, жауап қайтарып, ренжуі мүмкін. Демек бұл, “мама, мені тыңдашы” деген баланың ішкі сигналы. Бірақ көбіне ата-аналар мұны түсінбей жатады”, – деді маман.

Айгүл Асқарқызы баламен осы уақытқа дейін сөйлеспей жүріп, кейін кенеттен “кел сырласамыз” деп айту дұрыс емес екенін ескертті. Айтуынша, алдымен баланың назарын да біртіндеп бұру керек екен.

“Бірден мәселеге топ етпеген дұрыс. Мысалы, күнделікті оның киімінің жарасып тұрғанын айтып қызығушылық танытыңыз. Баланың істеп жүрген әрекеттерін оған құнды етіп көрссету керек. “Жарайсың, шынымен мықты болып келе жатсың”, – деген сияқты сөздер айтса ол жаймен сізге ашылуға бейімделеді. Сол кезде бала ақырын-ақырын ата-анасына жақындай бастайды. Кейін оның мәселесіне үңіле білу керек. Өзінің қателігін мойындауға мүмкіндік берген дұрыс”, – деді психолог.

Сөз соңында маман ақпараттың ашық ғасыры да балалардың психологиясына өте құбылмалы әсер қалдырып жатқанын алға тартып, оларды виртуалды өмірге емес, шын өмірге шыңдауға кеңес берді.

https://stan.kz/zhasospirim-suicid-389961/
Comments (0)
Add Comment