Әулиеата жері ұлттық құндылықтарымыздың рухани қайнар бастауы болған төл өнеріміздің алтын бесігі десек артық айтқандық емес. Себебі, төтеннен төге сөйлеген шешендері мен жалынды жыраулары, көмейіне бұлбұл ұялаған күміс көмей, жезтаңдайлардың да бақ дарып, құт қонған өлкесі осы мекен. Дала дүлдүлдерінің ізінен ерген қаншама жас таланттар бар. Осылайша Мәңгілік ел болуды мақсат еткен мемлекетіміздің мәдени өмірін гүлдендіруде сүбелі еңбек етіп жүрген ұрпақ сабақтастығының ұстаханасына айналған Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясына биыл табаны күректей 50 жыл толып отыр.
Мерейтой қарсаңында Үкімет қаулысымен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Жамбыл облыстық филармониясы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына Кенен Әзірбаевтың есімі берілді. Биыл құрылғанына 50 жыл толған өнер ұжымы қажымай қалыптасу, өрелі өрлеу кезеңдерін бастан өткізді. Тарихқа шегініс жасасақ, филармония Қазақ ССР Министрлер кеңесінің 1967 жылғы 25 қарашасындағы қаулысы негізінде Жамбыл облыстық кеңесі еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің 1968 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен құрылды. Жаңадан құрылған мекеменің негізін қалау филармонияның тұңғыш директоры Константин Шапошниковке жүктелді. Оның тұсында филармония жанынан «Қарлығаш» ансамблі өмірге келді. 12 адамнан тұратын бұл ансамбльге өнер шебері Асқар Тұрғымбаев жетекшілік етіп, көп жылдар бойы табан аудармай еңбек етті. Филармонияның алғашқы концерттері беріліп, жұртқа аздап таныла бастағаннан кейін шығармашылық ұжымға арнайы жолдамамен Алматыда эстрадалық студияны тәмамдаған жастар лек-легімен келе бастады.
Талантты жастарды тәрбиелеуге құлшына кіріскен филармонияның тарихында екінші директоры Вадим Феодорович Пактың есімі ерекше. Жас мекеменің қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосқан Нұрғазы Жомартовтың да сіңірген еңбегін халық, сол кездегі үлкен сахнаға жолы ашылған өнерпаздар ұмытқан жоқ. Ұлттық мұраны ұлықтап, әлемдік мәдени көшке ілесуді көздеген ұжым үлкен ізденіспен жұмыс жасады. Әсіресе, 1970 жылы құрылған «Алатау» ән-би ансамблінің орны бөлек. Қасиетті Әулиеата топырағы тудырған талантты композитор, әнші, жерлесіміз ҚР Халық артисі Алтынбек Қоразбаевтың келуімен «Алатаудың» да, Жамбыл филармониясының да күретамырына қан жүріп, шығармашылық ширап, жұмысы жандана түсті. «Алатау» ән-би ансамблі тек жамбылдықтардың ғана емес, бүкіл республика жұртшылығының жүрегінен ойып тұрып орын алды. Оның қоюшы-режиссері әйгілі «Гүлдер» ансамблінің іргетасын қалаған Серік Елеусізов еді. Ал, балетмейстері ретінде танымал талант Елдос Усин шақырылған болатын. Музыкалық жетекшілігін Садыхан Әубәкіров абыроймен алып жүрді. «Алатау» талай таланттар түлеп ұшқан алтын ұя, өнер мектебі болғаны ақиқат.
Ел тәуелсіздігін алып, етек-жеңін жинай бастағанда өзіндік атын қалыптастырып үлгерген ұжымға ғимарат мәселесін шешу керек болды. Мәдениет пен руханиятқа жанашыр адамдардың арқасында түйткілдің түйіні тарқатылды. Осы тірліктің басы-қасында филармонияның сол кезеңдегі һәм қазіргі директоры Сейтқасым Түктібаев жүрді. 1997 жылғы қаңтар айының 15 жұлдызынан бастап облыстық филармония «Баласағұн» орталық концерт залының ғимаратында өз жұмысын жүргізіп келеді. Филармонияға дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісованың басшылыққа келуі де шығармашылық ұжымның жұмысына ұлттық рух, өзгеше серпін берді.
Филармония жанында құрылып, халыққа кеңінен танылған «Тараз» триосының толайым табысы жетерлік. Қазіргі «Тараз» триосының әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ержан Ыдырысов және Ноян Сейділдаев аға буын салып кеткен сара жолды жалғастырушы, жаңғыртушылар.
1988 жылы құрылған «Айша бибі» би ансамблі де айтулы асуларды бағындырды. Оның негізін қалаушы балетмейстер, ұлттық бидің шебері атанған Байдәулет Сазабековтің жетекшілігімен көптеген өнер байқауларында топ жарды. Он жыл бойы ұлттық би мен әлем халықтарының биін кеңінен насихаттаған «Айша бибі» би ансамблінің ізін ала «Үкілі Үркер» би ансамблі дүниеге келді. 1997 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан құрылған «Үркер» би ансамблі 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап «Үкілі Үркер» атанып, Жамбыл облыстық филармониясында абыроймен қызмет атқарды. «Үкілі Үркер» би ансамблінің елордамыз Астана қаласына ауысуына орай 2012 жылдың ақпан айында «Ақкербез» би ансамблі құрылды. Қысқа уақытта облыстық конкурстар мен байқауларындағы жеңісін айтпағанда республикалық сындарда да жоғары жүлделерге қол жеткізе білді.
Осы секілді 2012 жылдың сәуір айында құрылған «Вокалдық-аспаптық ансамблі», 2007 жылдан бастап Жамбыл облыстық филармониясында жұмыс жасап, ел ықыласына бөленіп жүрген «Мерей» квартетінің де жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.
«Балауса» цирк ұжымының «Алатау» ән-би ансамблінің жанынан құрылуы, кейін 2012 жылдың қаңтар айында Талғат Әлшікеновтің жетекшілігімен қайта сахнаға оралуы жұрттың жадында. Жамбылдық цирк ұжымы елімізде тұңғыш рет көгершіндермен өнер көрсетудің тың қойылымдарын көрсетті. Олардың өнерлері республикада жоғары бағаланды.
Бабадан қалған асыл мұра ретінде ұлттық аспаптарды ұлықтаудың да маңызы зор. Осы мақсатта облыс әкімінің қолдауымен 2011 жылы сәуір айында құрылған «Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің» де орны ерекше. Көркемдік жетекшісі болып Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жексенбек Нұржауов, бас дирижері болып Көркемғали Серімбетов жұмыс жасады. Уақыт өте келе бас дирижерліктің жұмысын Есіркеп Жолдасов жалғастырды.
«Алатау» фольклорлық ансамблінің де жетістіктері көңіл қуантады. Ансамбльге 2017 жылдың 11 қыркүйегінен бастап халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Дастан Көреген жетекшілік етуде. Ұжым сазсырнай, сыбызғы, жетіген, қылқобыз, домбыра, шертер сияқты қазақтың көне аспаптарымен халықтың күйлері мен әндерін жоғары деңгейде насихаттап, көптің алғысына бөленді. 2014 жылы құрылған «Кәусар» вокалдық ансамблі де болашағынан үлкен үміт күттіреді. Осы секілді 6 жыл бұрын алғаш рет ел алдына шығып, өнер көрсеткен «Сымбат» балдық би тобының да бағындырған белестері аз емес, алар асулары әлі алда. Оның балетмейстері Жамбыл облысындағы балдық-спорттық би федерациясының президенті Аида Төребекова. Жарты ғасырлық жетістіктері дастанға айналған үлкен өнер ұжымындағы Анна Вундер, Қаржау Тілеуқабылов, Разия Мәдіханова, Бекенай Мәдіханов, Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Мадина Сағынбекова, Жанатбек Кәдіров секілді сахна саңлақтарының шеберлігімен тек Жамбыл жұртшылығы ғана емес, ел аумағындағы өнерсүйер қауым етене таныс, ерекше қанық.
– Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының жарты ғасырлық ғұмыры үлкен тарихқа айналды. Бүгінгі жас – ертеңгі өнер иелеріне бағыт берер ақылшы аға. Бұл – өмір заңдылығы. Өнер халықпен бірге ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Өйткені, ол – елдің қазынасы. Біздің мақсат – осы дәстүрлі жолды үзбей, дәріптей білу, – дейді К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония директоры Сейітқасым Шерімұлы.
Осылайша Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымы жарты ғасырлық белесті тағылымды табыстармен, жарқын жетістіктермен атап өтуде.
Айсана Нұрбап