Жамбыл облысының Жуалы ауданында орналасқан күн электр станциясы биыл екінші кезеңнің құрылысын аяқтап, жазда іске қосқан болатын.
Небәрі төрт айдың ішінде қуаттылығы 50 мвт-ты құрайтын «Бурное Солар-2», 40 миллион киловатт сағат электр қуатын өндірді. Осылайша, екі станцияны қоса алғандағы қуаттылық 100 МВТ-ты құрап, Орталық Азиядағы ірі күн генерациясы нысандарының біріне айналды.
Күн электр станциясының өндірістік қуаттылығын арттыру мақсатындағы жобаның екінші нысаны 74 гектар аумаққа орналасқан. Құрылыс жұмыстарына 300-ге жуық жұмысшы тартылып, он айда жүзеге асты. Жобаның жалпы құны – 25 миллиард теңге. Күн электр станциясында жалпы 377 мың күн панельдері орнатылған. Әрбір тақтайшаның қуаттылығы – 260-270 ватт. Мамандар биыл екі станциядан 150 миллион киловатт сағат электр қуатын алуды жоспарлауда. Ал өндірілген жасыл энергия оны таратумен айналысатын арнайы мекемелерге тасымалданады.