Облыс орталығындағы жолаушы тасымалдау жайы талқыланды

Қаладағы жолаушылар тасымалы қызметі мәселелері қашан да маңызды. Облыс әкімдігінде өткен жиында бұл бағытта мәселелер жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен басқосуға қала әкімі, тиісті басқарма, бөлім басшылары және жолаушылар тасымал қызметімен айналысатын компания өкілдері мен сала ардагерлері де қатысты.
Жиында облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Жәнібеков күн тәртібіндегі мәселе бойынша негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 43 бағыт бойынша 10 тасымалдаушы мекеме жұмыс жасап отыр. Мекемелердегі жалпы автобустардың саны – 670. Оның 11,5 пайызы бензин, 63, 7 пайызы дизель, 24, 8 пайызы газ отынын пайдаланады. Сондай-ақ, автобустардың 6,7 пайызы бір жылға дейінгі, 25,8 пайызы 1-3, 42,7 пайызы 3-7, 27,8 пайызы 7-12 жыл аралығында пайдаланылып келе жатқандар.
Осы секілді мәліметтермен бөліскен Бақытжан Оразалыұлы бұл бағыттағы кездесіп отырған мәселелерді шешу үшін бірқатар ұсыныстарын білдірді. Олардың қатарында: тасымалданған жолаушылар санын анықтау мақсатында храномертаж жүргізу, әдістеме бойынша тарифті қайта есептеу, қалалық бағыттарға электронды билеттендіру жүйесін енгізу, жанармай сапасын жоғарылату, бәсекеге сай емес тасымалдаушы мекемелердің санын азайту, тасымалдаушылардың сұранысына орай жаңа аялдамалар салу ұсыныстары бар.
Сонымен қатар, тасымалдаушы мекемелердің табысы туралы да нақты мәлімет болмай отыр. Тараптардың берген деректері әрқилы. Бұл орайда нақты талдау-сараптау жұмыстары қажет екендігі айтылды.
Өз кезегінде сөз алған «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-нің директоры Рашид Пірманов, «СапарТранс 2012» ЖШС-нің директоры Бауыржан Әділов және сала ардагері Асқар Жанұзақов ескірген көліктерді жаңартуға тасымалдаушы мекемелердің қалтасы көтермей отырғандығын, ол тарифті 90 теңгеге дейін көтергенде ғана мүмкін болатынын жеткізді.
Асқар Исабекұлы мәселелерді бір жақты қарауға болмайтынын, әкімдікттің басты міндеті – халықтың жағдайын ескеру екендігін баса айтты. Тариф мәселесінде облыстағы жан басына шаққандағы табысты, инфляция деңгейін ескеру керектігін назарға алды. Бұл бағытта нақты шешім қабылдау үшін тасымалдаушы мекемелердің табысын анықтап алу қажеттілігін тілге тиек етіп, тасымалданған жолаушылар санын анықтау, халықтың өтінішіне орай кей орындарға жолаушылардың мініп-түсуі үшін жол белгілерін орнату бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Comments (0)
Add Comment