Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданына жұмыс сапарында Жаңатас қаласы, 4 мөлтек ауданынан салынатын жеке меншік мектептің және “Химик” тұрғын үй кешені мен Қонақ үйдің жобасымен танысты. Сондай-ақ, аудан әкімі Сәкен Мамытов 4,5-шағын аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы туралы баяндады.
Облыс әкімі жеке меншік мектептің құрылысын бастамас бұрын барлық құжаттама мәселелерін жан-жақты шешу бойынша салалық басшыларға нақты міндеттер жүктеді.
Бұдан соң аймақ басшысы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және күрделі минералды тыңайтқыштар шығаратын алып зауыттың құрылыс жобасымен танысты.
Жылына 660 мың тонна фосфор кені, оның ішінде 640 мың тонна көлемінде фосфор ұнтағын және 1 млн. тонна минералды тыңайтқыштар өндіруге қуатты химия кешенін 2026 жылы іске қосу жоспарлануда.
Қазіргі таңда алып кешеннің іргетасын дайындау жұмыстары жүргізілуде десек, құрылыс алаңында 40 бірлік техника мен 100-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Өндірістен бөлек, жобаның сыртқы инфрақұрылымын жобалау жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Жобада электр желілері, сумен жабдықтау, теміржол және автомобиль жолдарын салу, сондай-ақ, әлеуметтік нысандар қамтылған.
Салынатын әлеуметтік нысандар қатарында 300 адамға арналған вахталық қалашық, 60 пәтерлік тұрғын үй кешені, заманауи қонақ үй және демалыс аймағы бар.
Жалпы, ірі жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард доллардан астам инвестиция тартылады.
Облыс басшысы Жаңатас және Қаратау қалаларының дамуы үшін маңызы зор, 1200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашатын, Минералды тыңайтқыштардың импортын алмастыруға ықпал ететін және экспорт көлемін ұлғайтатын химиялық кешеннің жүзеге асуына жергілікті билік тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілетінін жеткізді.
Нұржан Нұржігітов құрылыс жұмыстары кезінде құрылатын жұмыс орындарына жергілікті тұрғындарды тартуды, алдағы уақытта зауытта жұмыс жасайтын мамандарды да жергілікті тұрғындар арасынан даярлау керектігін баса айтты. Көптен бері жоспарланған жобаны тезірек жүзеге асыру үшін құрылыс жұмыстарын уақыт созбай бастау қажеттілігіне тоқталды.
Келесі кезекте «Шоқпар жел электр станциясының» құрылысымен танысты.
100 Мвт электрэнергиясын өндіруге бағытталған жобаның қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
“Visor Inernational DMCC” және “China Power International Holding Limited”
(CPIH) құрылтайшылары болып табылатын «Шоқпар жел станциясы» ЖШС-нің жобалық құны 50 миллиард теңгені құрайды. ЖЭС іске қосылғанда 30 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Облыс әкімі жобаның маңыздылығын айтып, бұл бағытта аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Нұржан Нұржігітов жуырда ғана Астана қаласыда өткен «Астана халықаралық форумы» аясында Жамбыл облысы аумағында қуаты 1 ГВт болатын ауқымды жел электр станциясын салу жобасы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, China Power International холдингінің өкілдері және Жамбыл облысы әкімдігі арасында кездесу өтіп, жол картасына қол қойылғанын атап өтті.
Жамбыл облысы әкімдігі