Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданы аумағындағы еріген қар суын бұру жұмыстарымен танысты.
Бұған дейін қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылған «Күрті-Бұрылбайтал» тасжолының айналма жол учаскелерін еріген қар суы басты.
Ауа-температурасының күрт көтерілуіне және тау бөктеріндегі жерлерде қардың қарқынды еруіне байланысты пайда болған судың тасуы аталған жолдың үш бөлігінде тіркелді.
Қазіргі таңда аталған аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары қызу жүруде.
Бірінші учаске бойынша мердігер ұйым айналма жолдың 2156 шақырымында қосымша төрт су өткізу құбырын орнатты. Еріген қар суы орнатылған құбырлар арқылы өтуде. Сондай-ақ, ұзындығы 350 метрден асатын учаскеде үйінділерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Негізгі жұмыстар аяқталды.
Екінші және үшінші учаске бойынша қазіргі уақытта еріген қар суын бұру жұмыстары басталды. Өткізгіш құбырлар орнату, шайылған жерлерді қалпына келтіру шаралары атқарылуда.
Барлығы 23 арнайы техника мен 42 жеке құрам жұмылдырылған.
Облыс әкімі жауаптыларға қалпына келтіру шараларын тезірек аяқтау үшін техника мен жұмысшы күшін көбейтуді тапсырып, жұмыстардың сапалы орындалуын бақылауда ұстауды міндеттеді.
Айта кету керек, су тасу жағдайы негізгі жолда емес, айналма жолда орын алған. Күре жолдың толығымен шайылып кетуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Орын алған жағдайға байланысты «Екатеринбург – Алматы» тасжолының Бұрылбайтал ауылынан Ақсүйек ауылына дейінгі аралығында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді. Қозғалыс «Алматы-Отар-Благовещенка-Шу-Хантау-Бұрылбайтал» бағыты бойынша жүзеге асуда.
Жамбыл облысының әкімдігі