Неге тамақтанғаннан кейін адамның ұйқысы келеді?

Ас – адамның арқауы. Десе де, асқазанға тамақ барғаннан кейін неге ұйқы келеді? Бұл қалыпты жағдай ма? Қай кезде дәрігерге қаралу керек?

Мамандардың айтуынша, астан кейін, әдетте түскі уақытта ұйқының келуі қалыпты жағдай.

Нерв жүйесі

Тамақтанғаннан кейін ұйқының келуіне әсер ететін басты фактор – жүйке жүйесі. Жүйке екі бөлікке бөлінген: симпатикалық және парасимпатикалық. Симпатикалық жүйке жүйесі бұлшықеттердің белсенділігіне, дененің реакцияларына жауап береді. Ал парасимпатикалық жүйке жүйесінде, кесірінше, бұлшықеттер босаңсып, адам тынышталады. Тамақтану барысында дәл осы жүйе іске қосылады. Ол адамның алаңсыз тамақ ішуіне жауап береді. Сәйкесінше, дене еркінсінгеннен кейін ұйқы келеді.

Қан айналымы

Біздің барлық мүшеміз белгілі бір дәрежеде қанмен қамтамасыз етілетіні белгілі. Сондай-ақ барлық жүйелердің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажетті оттегі мен қоректік заттар денеге таралады. Ағзаның бірі күшейтілген режимде жұмыс істесе, оған қан да қарқынды түрде түседі. Асқазан-ішек жолдарының қанмен қамтамасыз етілуі тағамның ас қорыту кезеңінде күшейеді. Ал мидағы қан ағымы бәсендейді. Мидың жұмысына кедергі келтірмесе де, ұйықтау керек деген сигнал түседі.

Суды жеткілікті мөлшерде ішпеу

Денеге жеткілікті мөлшерде сұйықтық түспесе, ол әртүрлі белгілермен сигнал береді. Ұйқышылдық – солардың бірі. Егер адам тым аз су ішсе, оның қаны қояланады, нәтижесінде қан қысымы төмендейді. Соның әсерінен ұйқы келеді.

Ұйқы «шақыратын» тамақтар

Ас қорыту жүйесіне түсетін барлық тағамдар бірдей принциппен қорытылады. Бірақ олардың барлығы денеге әртүрлі әсер етеді. Сондықтан кей тағамдар ұйқыны «шақыруы» мүмкін. Олардың қатарында банан, шие, дәндер, балық және жұмыртқа бар.

Асқазан толған жағдайда

Адам ағзасы қуаттың басым бөлігін асты қорытуға жұмсайды. Асты анықтау, қажетті заттар бөлу, тағамды барлық ағза бөліктеріне таратудан кейін ағзада әлсіздік сезімі пайда болады. Сәйкесінше, адам тамақты көп жеген сайын шаршап, ұйқысы келеді.

Алайда, әр тамақтанудан кейін ұйқы қысып, әлсіздік болса, ол ағзадағы аурудың көрінісі болуы мүмкін. Мысалы:

– қант диабеті;

– анемия;

– целиак ауруы;

– аллергия;

– қалқанша безінің белсенділігі төмен.

Бұл жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.

https://turkystan.kz/article/225007-nege-tamaktangannan-keyin-adamnyn-uykysy-keledi/

Comments (0)
Add Comment