26 жастағы Марат – кәсіпкер. Оның Алматыда шағын асханасы бар. Мараттың кәсібі оған жақсы пайда әкеледі, сондықтан қазір оның қолында азын-аулақ артық ақша бар. Бір күні ол досынан инвестиция салу арқылы ақшаны еселеуге болатынын естіп, инвестицияға қызығады. Дегенмен бұл саладан хабары болмаған соң, неден бастарын, ақшасын қайда саларын және жалпы не істеу керек екенін білмейді.
Қаржыгер Жаннат Төлегетайдың айтуынша, инвестиция құралының көп түрі бар: акциялар, облигациялар, биржа қорлары, жылжымайтын мүлік қоры, депозит, пай қорлары және тағы басқа. Акция әдісін қолданған адам белгілі бір компанияның акциясын сатып алып, акционер атанады. Сөйтіп компанияның табысының бір үлесін алып отырады. Ал жылжымайтын мүлікке инвестиция салатын инвестор сол мүлік арқылы пайда табады. Дегенмен бұл инвестиция құралдары жаңа инвестор үшін тиімсіз. Себебі инвестор барлық қаражатын акциялар, жылжымайтын мүлік қоры, облигация сияқты бір ғана активке бағыттаса, қауіп көбірек болады. Оның жылжымайтын мүлік саласына қатысты білімі болмаса немесе акциясын сатып алған компанияның ішкі жұмыс процесін, жағдайын білмесе, қиын жағдай кезінде қаржы жағынан ұтылып қалуы мүмкін. Сол себепті қаржыгер жаңа инвесторларға пай қорлары арқылы инвестициялауға кеңес береді.
Пай қорлары – азаматтардың инвестиция ретінде салған ақшаларын басқаратын қаржы ұйымы. Олар инвесторлардың ақшасын жинап, белгілі бір компанияның акциясы, құнды қағаздар, облигация, жылжымайтын мүлік сияқты түрлі активке инвестиция етіп салады. Сөйтіп бір “портфель” құрады. Инвестор сол портфелдің ішіндегі белгілі бір пай, яғни үлесіне ие. Инвестордың қор портфеліндегі үлесі оның сатып алған акцияларының санына байланысты. Мысалы, бір пай қорында 1000 пай (акция) бар. Оның ішінде Маратқа 100-і тиесілі. Бұл дегеніміз Марат портфелдегі активтердің 10%-ына ие деген сөз. Активтердің құны өскен сайын, инвестордың үлесінің табысы да өседі. Дегенмен активтердің құны кей жағдайда түсуі мүмкін екенін де ескерген жөн.
Пай қорларының мынадай тұстары жаңа инвесторлар үшін тиімді:
Жеңіл әрі ыңғайлы
Пай қорлары инвестициялау процесін жеңілдетеді. Адам өз бетімен акциялар мен активтерді іздеп, олардың қайсы дұрыс-бұрыс деп таңдап отырмайды. Пай қорының дайындап қойған портфеліндегі активтердің бір үлесін жай ғана сатып алады. Жаңа бастаған адамға нарықты үнемі бақылап отырудың, күрделі қаржы шешімдерін қабылдаудың қажеті жоқ.
Кәсіби мамандар көмектеседі
Инвестордың бәрі қаржы, нарық саласын, инвестиция салудың қыр-сырын білмеуі мүмкін. Мұндай кезде пай қорлары тиімді. Себебі пай қорын басқаратын компанияда білікті мамандар жұмыс істейді. Олар сіз үшін бәрін істеп береді: нарықты бақылайды, ақшаңыз арқылы активтер сатып алады, оның қалай өзгергенін қадағалап отырады, тіпті инвесторға есеп береді. Қор менеджерлері қор активтерінің құрамын жүйелі түрде тексеріп, табыс пен қауіпті ұстап тұру үшін қажет түзетулер енгізеді.
Аз ақшадан бастауға болады
Инвестиция салу үшін Илон Маск сияқты миллиардер болудың қажеті жоқ. Азын-аулақ жиған-тергені бар жастар да инвестиция салып, қаржысын арттыруға мүмкіндігі бар. Өйткені көптеген пай қоры басқа инвестиция құралдарына қарағанда алғашқы сома ретінде аз ақшадан бастауға рұқсат береді.
Активтері қайта сатып жіберуге болады
Инвесторға күтпеген жерден ақша қажет болған жағдайда пай қорларындағы активтерді басқару компания арқылы қайта сатып жіберуіне болады. Дегенмен адамның инвестиция салғанына әлі толық бір жыл болмаса, оны сатқан кезде айыппұл ретінде активтің 1%-ын ұстап қалады.
Ісін ашық жүргізеді
Пай қорларының қызметін арнайы қаржы саласын реттейтіндер тексеріп отырады. Пай қорларын басқаратын компанияның қызметкерлері ақшаңыздың қайда, қалай кеткен егжей-тегжейлі түсіндіреді. Сіз өзіңіздің пайларыңызға қатысты жаңалықтың бәрінен хабардар болып отырасыз.
Білім беретін ресурстары бар
Көптеген пай қоры өз клиенттеріне инвестиция мен қаржы нарығының негіздерін түсінуге көмектесу үшін оқу материалдары мен кеңестер ұсынады, нарықтағы жаңалықтарды бөліседі. Міне, осының арқасында енді ғана инвестициялауды бастаған адам қаржы сауатын ашады, ақшасын да көбейтеді.
Басқа инвестиция құралдарына қарағанда қауіп-қатері аз
Адам ақшасын салған соң, оның пайда әкеліп-әкелмейтіні үшін уайымдайды. “Барлық салған ақшам күйіп кетсе, қайтемін?” деп қорқып жатады. Инвестордың бұлай алаңдағаны да қалыпты нәрсе. Дегенмен пай қорларының басқа инвестиция құралдарынан ұтымды тұсы – инвестордың тек бір емес, бірнеше актив түрлеріне инвестиция жасайтынында. Бұл “ақшамның бәрінен айырылып қаламын” деген қауіпті сейілтеді. Мәселен, Марат пай қорлары арқылы инвестиция жасады. Оның бірнеше активі бар. Бір компаниясындағы активіне қауіп төнсе де, одан қатты шығындалмайды. Себебі табыс әкеліп, қаржысын тұрақты етіп тұратын басқа активтері бар.
Мәселен, Halyk Finance-тың жаңа инвесторларға қолайлы болатын пай қорының екі түрі бар: “Halyk Global” және “Halyk Tenge”.
Бұған дейін инвестиция салып көрмеген адамның ақшасы үшін алаңдайтыны анық. Сол себепті көбі аз ақшадан бастап көргісі келеді. “Halyk Tenge” пай қоры дәл осы мүмкіндікті береді. Оған бастапқы сома ретінде 100 000 теңге салуға болады. Оған қоса мұнда ақша теңгемен есептеледі. Бұл – теңгені қолданып үйреніп қалғандарға, құбылып тұратын валюта бағамын аңдып отырғысы келмейтіндерге таптырмас мүмкіндік. Оған қоса “Halyk Tenge” мақсаты – инвесторларына жылына 20% табыс табуына көмектесу.
Марат “Halyk Tenge” пай қорына 500 мың теңге салып, пай сатып алды делік. Бір жылда оның 500 мың теңгесі 600 мың теңгеге өсуі мүмкін. Сөйтіп ол ештеңе істемей, жай ғана пай қорынан пай сатып алғаны үшін 100 000 мың теңге пайда көруі мүмкін. Ал 100 мың теңге кәдімгідей бір адамның айлығы. Дегенмен түрлі себепке байланысты пайда үлесі әртүрлі болуы мүмкін. Біз максималды түрін есептеп, көрсетіп отырмыз. Адам қаншалық көп инвестиция жасаса, соншалық көп пайда көретінін де ескерген жөн. Оған қоса инвесторлар әрқашан қауіпті ескеріп, қаржы мамандарымен кеңесуі керек. Инвестор “Halyk Tenge” пай қорындағы өз пайын басқарушы компанияға әр айдың 25-іне дейін сата алады. Дегенмен инвестордың пайдасы болжам ретінде айтылып тұрғанын ескеру керек. Болжам мен инвестордың нақты табысының көрсеткішінде айырмашылық болуы мүмкін. Басқарушы компания оған кепіл бермейді.
Ал халықаралық нарыққа қызығатын, бірақ қаржысы көп емес азаматтар “Halyk Global” пай қорын таңдаса болады. Себебі ол жерден пай сатып алу үшін бастапқы сома ретінде кемі 100 доллар, яғни 47,7 мың теңге (11 шілдедегі дерек бойынша) инвестиция салса болғаны. Халықаралық нарықта жергіліктіге қарағанда ірі, табысы көп әртүрлі компания бар. Оған қоса түрлі сала дамыған: технология, медицина, ІТ және тағы басқа. Адам өзіне ұнайтын бағыттағы активтерді сатып алуына болады. Сонда оған инвестиция саласын, пай қорының механизмін тез меңгереді. Оған қоса халықаралық деңгейдегі ойыншы болсаңыз, табысты да көбірек алуыңыз мүмкін. Инвестор “Halyk Global” пай қорындағы өз пайын басқарушы компанияға әр айдың 25-іне дейін сата алады. Қорды басқаратын компания мамандары ай сайын активтері туралы есеп береді. 2024 жылғы 1 шілдедегі ақпарат бойынша, «Halyk Global» ИАПҚ кейінгі 12 айдағы табысы 7,28% болған.
«Halyk Finance» АҚ-ның бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған №3.2.229/7 лицензиясы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 04.11.2016 жылы қайта ресімдеді, мерзімсіз. Пайлардың құны өсуі немесе төмендеуі мүмкін. Бұрынғы инвестициялау нәтижелері болашақтағы кірісті анықтамайды. Мемлекет инвестициялық қорларға салынған инвестициялардың кірістілігіне кепілдік бермейді.
https://stan.kz/investiciya-402879/