Назарбаев халқына өкпелеп жүр — генерал Шабдарбаев

Бұл туралы Talk Like арнасына берген сұхбатында ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 
Шабдарбаевтың сөзіне қарағанда Әбішұлы халық «Шал, кет!» деп айтады деп күтпеген, ескерткішін талқандайды деп ойламаған.
«Ол кісі «елім мені жақсы көреді, қазаққа мендей еңбек сіңірген адам жоқ» деген ойда болды. Ал, қазір мынаның бәрін көріп отырып өкпелі», — дейді ҰҚК-нің бұрынғы басшысы.
Сұхбатта Қонаев мен Назарбаев екеуінің қарым-қатынасы шет қалмады.
«Екеуінің арасы жарты жылдың ішінде арасы суып кетті. «Баласы» билікке келген соң әкені шеттетіп тастады, көмектескен жоқ. Теледидардан сөйлетпей қойды. Жасы үлкен кісіге көп керек емес. Кешірімді болу керек еді. Себебі Димаш Ахметұлы Назарбаевты баласындай бағалады, барлық жағдайын жасады. Бірақ адам таңдаудан, адамгершілік жағынан қателесті, – деді ол.
Есесіне экс-президент ізбасар таңдауда дұрыс шешім қабылдаған.
«Назарбаевтың таңдауы Тоқаевқа түсті және дұрыс таңдады. Назарбаев Тоқаевтан «мен кірпішін қалаған жүйені қиратпа, маған уәде бер» деп айтты деп ойлаймын. «Менің бағдарымнан  ауытқыма» деп айтқаны анық. Ана кісі жүргіземін, көнемін деді. Бірақ сөзінде тұрмады. Себебі, Қаңтар оқиғасы орын алды», – деді Шабдарбаев.
Сонымен қатар экс-генерал Назарбаев пен Путиннің екеуінің қарым-қатынасы жақсы кезінде «қиын шақта бір-бірімізге қол ұшын созамыз» деген уағдасы болды деп болжайды.
«Назарбаев? Ол өз қамын ойлады. Екі баласын алдын-ала жіберетін жаққа жіберді. Кім біледі?! Димаш Ахметұлы кеткен кезде Нұрсұлтан Әбішұлы екеуінің арасы әке мен баладай болған. Жарты жыл ішінде арасы суыды.
«Баласы» билікке келгеннен кейін Қонаевқа мойын да бұрмады. Теледидардан сөйлетпеді. Кішкене кешірімді болу керек еді. Көлік бер, бір-екі рет теледидардан сөйлете сал, кітабын шығара сал. Не тұрады? Оны істемеді. Өзі біреуге қиянат жасағаннан кейін сол оқиға өз басына айналып келуі мүмкін. Қазіргі Президент екеуінің арасы өте жақсы болып, осы уақытқа дейін көтеріп әкеліп тұрып, өз орнына қалдырды. Қаңтар жасалғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы «неге бұлай болып кетті» деп өкпелеуі мүмкін», – дейді ол.
Генерал-лейтенант Назарбаевтың әйелі Сара Алпысқызы мен Дінмұхамед Қонаевтың әйелі Зухра Шәріпқызы туралы да сөз қозғады.
Айтуынша, Сара Алпысқызы – тікмінезді, қарапайым адам. Күйеуіне «Халықтың қамын ойламайсың ба?» деген кезі болған. Бірақ саяси шешімдеріне араласпаған. Басқа әйелдері пайда болған кезде аралары суыған. Ал Димаш Ахметұлының әйелі өте білімді болған.
«Ол Құдайға сенетін, кішкентай Құраны болатын. Даусын көтеріп сөйлегенін байқамадым. Димаш Ахметұлы оны еркелететін, екеуінің арасында бала болмады ғой. Сара Алпысқызы? Назарбаев онымен санаспайтын. Ол кісі тірі. Не құдалармен де, басқаларымен де араласпайды. Араласатын жақын таныстары жоқ. Өзі сондай адам. Өзімен-өзі. Ұнамаса айтады. Сара Алпысқызы мені кейін жек көріп кетті. Мен Рахат Әлиевке тиістім ғой. Дариға екеуі мені Сара Алпысқызына қарсы қойды», – дедіэкс-генерал.
Нұрсұлтан Назарбаевтың әртүрлі діни ағымдарға көзқарасы туралы ойы да шет қалмады. Бұл ретте Шабдарбаев жауапты немере інісі Қайрат Сатыбалдының қамалғанынан бастайды.

«Бекболат Тілеуханды да айтып жатыр. Олар сол дін ішінде солармен қарым-қатынастары жақсы болып, соларға көмектесіп, мешіттер салып, сол бағытта жұмыс істеді. Нұрсұлтан Назарбаев та «осындайларды ұстауымыз керек, ертең дауыс бергенде де бізді тыңдайды, бірдеңе болып қалса, бізге көмектеседі» деп айтып отыратын. Бұл кісі кішкене «жоқ, болмайды» деп тежеп тастамады, «көр, қара» деп отырды. Қазір Сатыбалдының қамалған себебі, меніңше, Қаңтарға қатынасы бар. Осының қателігі деп ойлаймын. Осылай адамдарды кіргізем деп айтуы да мүмкін», – деді А.Шабдарбаев.
Осы істе Шабдарбаев ішіндегі «ең тазасы Самат Әбіш» екенін айтады.
«Анау жолы Саматты жақтап та айтып тастадым ғой. Ол туралы сұрақ қоймай-ақ та қой. Ол Қаңтардың боларын білді. Оған бұйрық беріп еді, Самат килігіп істемеді», – дейді ол.
Амангелді Шабдарбаевтың айтуынша, «Назарбаевтың Қайратты да, Саматты да билікке әкелмес еді».
Сұхбатта Аман Тасыған «Назарбаев ізбасарды дұрыс таңдады дедіңіз, ал Кемелұлының орнын болашақта кім басуы мүмкін? Жанында адал адамдар бар ма?» деген сауал қойды. Оған Шабдарбаев «Бұл уақыт еншісіндегі дүние, әлі белгісіз. Бірақ Тоқаевтың жанына сенімді адамдар керек» деп түйіндеді.

https://dalanews.kz/saraptama/97683-sauat-myngbaevtyng-omyrtqasyn-syndyrg

Comments (0)
Add Comment