МЫҚТЫДАН МЫҚТЫ ТУАДЫ

Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,
Қатерге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды…
(Бекасыл ақын)

Қазақ біреуге риза, ісіне тәнті болғанда «текті атаның баласы» – деп айтады.

«Тектіден текті туады,тектілік тұқым қуады» деген екен Бекасыл әулие өз заманында. Бұл — өмірдің өзінен ойып алынған, еш қоспасыз пәлсапалық ұғым екені айдан анық.

Қамшының сабындай біртұтам қысқа ғұмырында адам баласының жетсем деп жүрген жеңістері де, терсем деп жүрген жемістері де таусылған емес. Адамның арманы шексіз, бірі орындалса, екіншісі қылаң беріп, алыс белестен қол бұлғап тұратыны ақиқат. Сол асыл армандарға өмірдің асау толқынына төтеп беріп, тырмысып жағаға ұмтылған жандар ғана жете алады екен.

Міне, осындай жандардың қатарына мен бүгінде Тараз қаласында полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Асхат Аманқұлұлы Алметовты қосар едім.

Бүгінгі жазбама әсер еткен дүние өткен аптада Асхаттың әлеуметтік желі парақшасынан ұлы Ернұрдың Кикбоксинг кадеттер арасында Қазақстан чемпионы атанғаны туралы ақпаратты көзім шалды.

Мұнан алдын Асхаттың қызметі, адамдық қырлары мен отбасындағы азаматтардың елге еткен еңбектері туралы жазып жүргендіктен, бұл ақпаратты естігенде ойыма әкеге тартып туған ұл екен, әкесінен ассын деген тілек бірінші келді. Ақиқатында мықтыдан мықты туады деген осы.

Мүмкін бұл сөзімді кейбір оқырмандар түсінбес. Өйткені бүгінгідей алмағайып заманда, елді дүниесі қызметімен бағалайтын жандарды жиі көріп жүрміз.

Ал, менің айтқан теңеуім Асхаттың қызметіне еш қатысы жоқ болатын. Себебі естеріңізге төмендегі ақпаратты тағы сала кетсек:

«Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі 2019 жылдың 26 желтоқсаны күні инстаграм парақшасында: -Полиция подполковнигінің есімі Құрмет тақтасына таңбаланды. Биыл Жамбыл облысына 80 жыл толуына орай өңірде 80 нысан ел игілігіне берілді. Соның бірі — Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешені аумағында ашылған «Даңқты спортшылар алаңы».

Аталған нысан әр жылдары спорт сайыстарында ел мәртебесін көтеріп, мерейін асырған спортшылардың құрметіне арнайы орнатылған. Алаңға қойылған Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан 145 даңқты спортшы мен еңбегі сіңген 96 жаттықтырушының есімі жазылған. Құрмет тақтасында есімі ерекшеленген Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды спорт саңлақтарының қатарында Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметовтің де есімі белгіленді.

Оның себебі, Асхат Аманқұлұлы сонау бала кезден спорттың кикбоксинг, қоян-қолтық күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында, Халықаралық турнирлерде, Әлем чемпионаттарында өнер көрсетіп бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Әлемдік додаларда облыстың ғана емес, ел абыройын асқақтатқан спортшы.

Ол қоян-қолтық күрестен спорт шебері болса, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Тақтада көрсетілгендей ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2003 жылы Афиныда өткен әлем чемпионатында кикбоксингтен қола жүлдегер атануы еді.

Бұдан кейін спорттық жолын ішкі істер органдарындағы қызметіне ауыстырып, халық тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп келеді»,-деп мен 2021 жылы «ҰСАҚТАЛМАҒАН ҰЛ» атты мақаламда жазып кеткен болатынмын.

Сонымен қатар өткен жылы Асхаттың «Менің әкем Аманқұл отбасының тірегі -теміржол тарланы» деген жазбасында:

 — Тәрбие басы отбасында,әке мен ананың әлдиі мен көрсеткен өнегесі мен үлгісінде екені пешенеден белгілі.
Бала күнімнен менің болашағымнан да зор үміт күткен әкем спортшы болады деп ойлапты. Өзі де еркін күреспен шұғылданып, өзі жетпеген жетістіктерге балам жетсін дегеннен болар.
Бертін келе мен де спортқа әуестеніп, әке арманына қол жеткізгендей болдым.
Сонау бала кезден спорттың кикбоксинг, қоян-қолтық күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында, Халықаралық турнирлерде, Әлем чемпионаттарында өнер көрсетіп бірнеше дүркін жеңімпаз атандым.
Әлемдік додаларда облыстың ғана емес, ел абыройын асқақтатып, қоян-қолтық күрестен спорт шебері, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері аттарын иелендім.
2019 жылы Жамбыл облысына 80 жыл толуына орай «Тараз-Арена» спорт кешені аумағында ашылған «Даңқты спортшылар алаңы» Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан 145 даңқты спортшы мен еңбегі сіңген 96 жаттықтырушының есімі жазылды.
Сол тақтада көрсетілгендей ең үлкен жетістіктерімнің бірі – 2003 жылы Афиныда өткен әлем чемпионатында кикбоксингтен қола жүлдегер атануым еді.
Бұдан кейін спорттық жолын ішкі істер органдарындағы қызметке ауыстырып, халық тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек етіп келемін.
Әкемнің асыл арманын немерелері де жалғастырып спорт саласында жетістіктерді бағындырып келеді.
Талғаттың баласы еркін күрес, Мақсаттың ұлы бокс, менің балам Ернұр еркін күрес, Кикбоксинг пен боксты қатар алып келеді.
Болар баланың бетін қақпа дегендей, балам тоғыз жасында еркін күрестен, 13 інде отау иесі демекші 14 жастағы ұлыма былтыр Кикбоксинг пен бокстан ҚР спорт шеберлігіне кандидат спорттық разряды берілді.
Балаларының спортшы болғанын қалағандағы әкемнің түпкі ойы, ұрпағының батыр болғанын тілесе керек»,-деп әке аманатын орындаған ұл екендігін көрсетеді.
Ал, бүгінгі ұлы  Алмет Ернұр Асхатұлы. Кикбоксинг кадеттер арасында Қазақстан чемпион атануы бұл әулет үшін үлкен қуаныш мәртебе екені даусыз.
Біреудің қуанышына ортақтаса білсең, қуаныш молаяды дейді. Олай болса қуаныштарыңыз еселене берсін, Алметовтер отбасы! Перзенттеріңнің жеңісі, елдің жеңісі, ердің бағасы еленіп, алар абыройы мен асқар шыңы биік болсын құрметті Асхат, Ләззат!
Бұл тек қана бір әулеттің емес қазақ елінің мақтанышына айналар ұл болсын. Елдің ертеңі, қорғаны болар азамат болсын дегім келеді.

Дариха Үмбетиярова, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Comments (0)
Add Comment