МУЗЕЙ ҚОРЫ ТОЛЫҚТЫ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына – Жамбыл облысы Шу, Байзақ, Мойынқұм аудандарының «Құрметті азаматы», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Тыңға 50 жыл», 1- дәрежелі «Еңбек даңқы», «Парасат» орденінің иегері, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен, «Тәуелсіздікке 25 жыл» медалімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен және «Алтын барыс» белгісімен марапатталған, ҚР спорт қайраткері, «Ауыл шаруашылығының үздігі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері, 50 ден аса ғылыми мақалалар мен 2 монографияның авторы Карентаев Амангелді арнайы музейге келіп, ұлы Кәрентаев Болат Аманкелдіұлының жеке заттарын музей қорына тапсырды.
Болат Аманкелдіұлы Кәрентаев 1977 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Тараз қаласындағы Н.Крупская атындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеппен Шу ауданындағы С.Сейфуллин атындағы мектепті үздік тәмәмдаған соң, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне оқуға түсіп, оны 1999 жылы халықаралық құқық мамандығы бойынша қазақ, ағылшын, орыс тілдерін қатар меңгерумен, бітіріп шығады. Осыдан соң, Жамбыл облысы Байзақ ауданы прокурорының көмекшісі, Жамбыл облыстық прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметін бақылау бөлімінің прокуроры қызметтерін атқарды.
Прокуратура органында қызмет етіп жүрген Болат одан әрі өз ізденісі нәтижесінде, «Қазмұнайгаз ұлттық компаниясының» «Мұнайтас» мұнай құбыры компаниясына Заң департаментінің бас заңгері және осы компанияның Директорлар кеңесінің хатшысы, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Корпоративтік даму басқармасы бастығының орынбасары – заң бөлімінің бастығы қызметіне шақырылады.
Болаттың өз бастамасымен қолға алынған бірнеше инновациялық жобалар да жоғары нәтижемен іске асырылады. Болат осы қызметтерін атқара жүріп, қазақтың көлік және коммуникация академиясында оқып, білім алады және Д.Қонаев атындағы университеттің аспиранты, әрі ғылыми ізденушісі ретінде ғылыми жұмыстармен айналысып, кандидаттық диссертациясын қорғауға дайндалып жүрген.
Болат 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы бойынша Англияның Кардиф университетінің магистратурасына оқуға қабылданып, білімін тереңдету үстінде еді.
Осы университетте оқып жүрген қос ғашық Болат Аманкелдіұлы Кәрентаев пен Айнұр Елемесқызы Сулейманова 2005 жылғы 23 желтоқсанда некелесіп, отау құру мақсатында Англиядан елге келе жатқан жолда Каспий теңізі үстінде ұшақ апатынан қаза болды.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

Comments (0)
Add Comment