«Мұның сауабы мол»: Тоқаев кәсіпкерлерге мешіт тұрғызудың орнына мектеп салуды ұсынды

Тоқаев аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлерге жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ екенін ескертеді.

“Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық”, – дейді президент.

Тоқаев мемлекеттің де отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсететінін атап өтеді.


 


“Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады”, – дейді Қазақстан президенті.

Бұған дейін Тоқаевтың Қазақстанның оқу орындарында ұлттық нақышта киіну үрдісі туралы бастаманы қолдағаны белгілі болған.

https://stan.kz/mynin-sauabi-mol-tokaev-kasipkerlerge-meshit-tyrgizudin-397085

Comments (0)
Add Comment