Мобильді аударымдар: қандай жаңа талаптар бар?

Кірістерді жасыру мен тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, мобильді аударымдарға кезең-кезеңімен бақылау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кімдердің мобильді аударымдары тексеріледі?

Жеке тұлғалардың мобильді аударымдары төмендегідей санаттар бойынша кезең-кезеңімен тексеріледі:

– 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары;

– 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекеме және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері;

– 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлға басшылары;

– 2026 жылдан бастап – қалған барлық азаматтар.

Қазіргі тәртіп бойынша, бір жеке тұлға үш ай қатарынан 100 және одан да көп түрлі адамнан өз атына тіркелген кәсіпкерлікке арналмаған банк шотына ақша алса, банктер бұл туралы салық органдарына хабарлауы тиіс. Бұл талап Қаржы министрінің 2022 жылғы №323 бұйрығында көрсетілген, — делінген Кірістер комитетінің редакциямызға берген ресми жауабында.

Мысал ретінде:

Егер бір азамат тамызда – 101, қыркүйекте – 130, қазанда – 100 адамнан мобильді аударым алса, ол автоматты түрде бақылауға ілігеді.

Қандай жаңа толықтырулар енгізілмек?

Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және банктермен бірлесіп, критерийді толықтыратын жаңа көрсеткішті енгізу туралы шешім қабылдады. 2026 жылдан бастап, үш айда 100 және одан көп адамнан жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (МЗП) асатын мобильді аударым алса (яғни, 1,0 млн теңге), ол да салықтық бақылауға жатады.

Комитеттің сөзінше, бұл шара ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, тіркелмеген кәсіпкерлік қызметтің алдын алу үшін енгізіліп отыр. Заңға сәйкес, жылдық табысы 12 МЗП-дан асқан азаматтар міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс.

Аталған өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Оған дейінгі бақылау 2022 жылғы №323 бұйрықтағы ескі талаптармен жүргізіледі.

Еске салайық, бұған дейін салықтан жалтарып жүрген азаматтар қандай жауапкершілік арқалайтанын жаздық.Он ымен қоса такси жүргізушілері қалай салық төлейтінін түсіндірген едік. Сонымен қатар Кірістер комитеті «Мобильді аударымдар арқылы қайырымдылыққа жиналған ақшаға салық салына ма» деген сауалға жауап берген еді.

https://baq.kz/mobildi-audarymdar-qanday-zhana-talaptar-bar-200014821/?fbclid=IwY2xjawKsw9xleHRuA2FlbQIxMQBicmlkETExSzhrTDlnZUtucklpMHZqAR7YYkkiGLFkKSmrTx_CxwTaQ7ZQa0_1fghp2zcfmniYIt6lKCMLkbRPmAdD6Q_aem_CPCOAU0i70xJRwMSL8NC9Q

 

Comments (0)
Add Comment