МҚІА: қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған 1200-ден астам ұсыныс жолданды

«Агенттіктің басым бағыттарының бірі – халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Қызмет алушылардың құқықтарын проактивті түрде қорғау және қалпына келтіруге ерекше назар аударып отырмыз. Азаматтардың шағымдарын күтпей-ақ, қашықтан мониторинг жасап, құқық бұзушылықтар болған жағдайда заңдылықты орнату тәжірибесін бастадық», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.
Агенттікпен 2022 жылы 756 тексеру шаралары жүргізілді. Тексеру барысында 46 мыңға жуық заң бұзушылық анықталып, 602 лауазымды тұлға – тәртіптік, 305-і – әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Талдау және мониторинг негізінде 21 орталық мемлекеттік органға және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына бұзушылықтардың алдын алуға және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған 1200-ден астам ұсыныс жолданды.
Ақпараттық жүйелердің жұмысына да мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, Цифрлық даму министрлігі Агенттік анықтаған кемшіліктерді жою жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Оған сәйкес, порталда жұмыс істемей тұрған 25 электрондық қызметті қалпына келтіру, 9 қызмет бойынша ақпараттық жүйелердің функционалын пысықтау, 11 дерекқорды ықпалдастыру көзделген.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға «қоғамдық маңызы бар көрсетілетін қызметтер» санаты енгізіліп, азаматтарға көрсетілетін қызметтерде бұзушылықтардың алдын алу функциясы Агенттікке берілді.
Атап өту керек, бүгін ҚР МҚІА кеңейтілген алқа отырысында 2022 жылғы жұмысын қорытындылады.

ҚР МҚІА Баспасөз қызметі

Comments (0)
Add Comment