МІНЕ, НАҒЫЗ БАҚЫТ ДЕГЕН ОСЫ!

«Тоймай iшкен асым құрысын, қорлықпен сүрген жасым құрысын!» дегенi шығар, бiр кедей жiгiт тұрмыс ауыртпалығына шыдамай, хан үйiне ұрлыққа түсiптi. Түн ортасында оянып кеткен хан үйдiң бiр бөлмесiнде жүрген ұрының бар екенiн бiледi де, әдейi әйелiне:
— Әй, кемпiр, қыз болса бой жеттi. Оны кiмге бергенiмiз жөн болар екен? — дептi ұрыға естiрте. Әйелi:
— Қайдан бiлейiн, әкесi. Өзiң лайықты дегенiңе бересiң де,- дептi. Оған хан:
— Онда былай етейiк: ертең бiр кiсiнi мешiтке бақылаушы етiп қояйық. Қырық күн бойы намаздарын үзбей мешiтке келiп оқыған мұсылманға қызымызды қалыңсыз-ақ берейiк. Әрi бiздiң бар қазынамыз да соған қалсын, — дептi. Мұны естiген ұры бiрде-бiр затқа тиiспей, шығып кетiптi де, қырық күн бойы мешiтке барып намаз оқып жүрiптi. Қырық бiрiншi күнi хан оны шақырып, қызын бермек болғанда, күнде мешiттен уағыз тыңдап, шын бақыттың не екенiн түсiнiп қалған жiгiт:
— Тақсыр, қызыңыздың да, қазынаңыздың да керегi жоқ. Осы күнiме мен ризамын. Сiздi алдап қызыңызды алып, ана дүниеде сұраққа алынатын жағдайым жоқ, — дептi.
Авторы белгісіз
Comments (0)
Add Comment