Межелі міндеттердің орындалуы ойдағыдай

«Amanat» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының отырысы өтті.
Жиынған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қатысты.
Басқосу барысында шаһар басшысы партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы көрсеткіштерінің облыс орталығында орындалуы бойынша есеп берді.
– «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Тараз қаласы бойынша жол картасының орындалу көрсеткіші көңіл қуантады. Айталық, аймақтың экономикасының дамуы және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бойынша — 4 мақсат және 12 көрсеткіш белгіленген. Оның ішінде 8-і орындалса, 1-еуі жыл қорытындысымен, 2-еуі ауыл шаруашылығы басқармасы, 1-еуі «AMANAT» партиясы тарапынан жүзеге асырылады. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілер арасында 11 ірі сауда орталықтарымен меморандум жасалып, ағымдағы жылы 41 ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізілді. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсарту бойынша да ілкімді істер қолға алынды. Мәселен, 135 шақырымнан кем емес қала ішіндегі жолдарды жөндеу бойынша жоспар 50 шақырым болса, бүгінгі күнге 87,5 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар 58 автобус алынды. Осы айда тағы 15 қоғамдық көлік алу көзделуде.
Тараз қаласында жол трафигін талдау және қауіпсіздіктің зияткерлік жүйесін орнату 48 бірлік «Сергек» және 1250 бейнебақылау камерасын орнату бойынша да жоспар толық орындалды.
Жалпы жоспарға сәйкес, әлеуметтік салалар мен жастарды қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, – деген Бақытжан Әмірбекұлы «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Тараз қаласы бойынша Жол картасының жоспарына тоқсан сайын мониторинг жүргізілетінін және орындалуы қатаң бақылауда екенін баса айтты.
Келесі кезекте депутаттар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Жиын соңында фракцияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

 

Тараз қаласының әкімдігі

Comments (0)
Add Comment