Меркіліктер қант қызылшасын жинауға кірісіп кетті

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Меркі ауданына іссапармен барып, бірқатар нысандарға ат басын бұрды. Алдымен «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аялдаған өңір басшысы кәсіпорынның жұмысымен танысты. Зауыт директоры Нұржан Қарғабаев өткен жылы 70 мың тонна қант қызылшасы қабылданғанын, биыл бұл көрсеткіштің едәуір артатынын жеткізді.

Ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінен бастап тәтті түбір қабылдап жатқан зауытта бүгінге дейін 4 мың тоннаға жуық қант қызылшасы жиналған. Оның басым бөлігін «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткізген. Зауыт қант қызылшасының келісін
8 теңгеден қабылдаса, субсидия арқылы өткізушіге келісіне 12 теңгеден төленуде.
Асқар Исабекұлы суармалы жердің көлемін арттыру арқылы ауданда тәтті түбір алқаптарын едәуір ұлғайтуға болатынын ескертті. Ол үшін қажетті шағын су қоймаларын уақыт оздырмай іске қосып, жұмысты жандандыру қажет. Су жүйелерін тазалауда меxаникалық жасақтың көмегін ұтымды пайдаланудың да тиімділігі мол.
Бұдан соң облыс басшысы Ойтал ауылындағы мемлекеттік — жекеменшік әріптестік шеңберінде салынып жатқан дәрігерлік амбулатория ғимаратымен танысты. Асқар Исабекұлы 35 миллион теңгеге салынып жатқан нысанның ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын асықпай, тиянақты әрі мұқият жүргізу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, тиісті тұлғаларға облыстағы дәл осы көлемдегі қаржыға салынып жатқан медициналық нысандардың сапасына жіті мән беруді, ең жақсысын өзгелерге үлгі ретінде ұсыну керектігін тапсырды.
«Олжа» шаруа қожалығының 3 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңында болған Асқар Мырзаxметов қожалық жетекшілеріне ет комбинатының жүктемесін 30 пайыздан 50-60 пайызға арттыруды, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Comments (0)
Add Comment