Мемлекеттік тілді сот жүйесінде қолдану мәселесі талқыланды

Жамбыл облыстық сотында мемлекеттік тілді сот жүйесінде қолдану мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов арнайы қатысып, тіл – ұлттық бірліктің, ел мәдениетінің негізі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде жүргізіліп жатқан тіл саясатын дамыту бағытындағы жұмыстар нәтижесіне тоқталып, мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері мемлекеттік тілдің тиімді дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Дөңгелек үстелге ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, сондай-ақ облыстық әкімдік, құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық және аудандық соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.

Ербол Ахметжанов іс-шараны аша отырып, 2025 жылдың ақпан айында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткізілген «Тіл маманы» байқауының жоғары деңгейде өткенін айтып, байқау жеңімпаздарының дипломдармен және алғысхаттармен марапатталғанын атап өтті. Сонымен қатар, сотқа түсетін істерді мемлекеттік тілде ұсыну мәселесі бойынша түрлі сала өкілдерінің қатысуымен «Ашық есік күні» ұйымдастырылғанын жеткізді.

Жоғарғы Соттың Мемлекеттік тіл жөніндегі үйлестіруші-судьясы Досжан Әмір сот ісін мемлекеттік тілде жүргізудің маңызын, заңнамалық талаптарды іске асыру қажеттілігін және мемлекеттік тілде қаралатын істердің сапасы мен санын арттыру қажеттігін атап өтті.

Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін еркін меңгеруі қоғамдағы мемлекеттік тіл мәртебесін арттыратынын, сондай-ақ прокуратура қызметкерлерінің мемлекеттік тілде жұмыс істеуге толық қабілетті екенін айтты.

Іс-шара соңында қатысушылар мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында соттармен өзара іс-қимылды күшейту бойынша нақты ұсыныстарын білдіріп, сұрақтарына жан-жақты жауап алды.

Comments (0)
Add Comment