Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау – басым бағыттардың бірі

Қазіргі кезеңде мемлекеттік аппараттың алдында тиімділігі жоғары, мобильді, азаматтарға бағытталған және үнемі жетілдіріліп отыратын ұйымға айналу қажеттілігі тұр.

Бұл ұйымның негізгі капиталы – онда жұмыс істейтін қызметшілер. Олардың жоғары кәсібилігі мен нәтижелілігі ел азаматтарына тиімді қызмет етудің кепілі болып табылады.

Жоғары кәсіби қызметкерлер өздерінің әлеуетін мемлекеттік аппарат пен қоғамның мүддесіне бағыттауы үшін мемлекеттік қызмет қолайлы жұмыс орнына айналуы керек.

Бұл ретте көрсетілген мақсатқа қол жеткізу құралдарының бірі мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің еңбекті, денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқығы бар.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттiк органдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының және мемлекеттік қызметшілермен қызметтік әдепті сақталуына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген бақылау шараларының нәтижесінде жалпы 6 тұлғаның бұзылған құқықтары қалпына келтірілген, оның ішінде 4-і мемлекеттік қызметшілер.

Мәселен, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  бас маманы Л.А.Аманкулованың шағымы негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде оған қатысты қолданылған «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаның күші жойылды.

Осыған ұқсас, Меркі ауданы әкімі аппаратында жүргізілген профилактикалық бақылау мен қадағалаудың нәтижесінде Меркі ауданы әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің бас маманы Н.Х.Найзабековке қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», сондай-ақ Меркі ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Е.Қ.Исаға қатысты қолданылған «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазалардың күші жойылды.

Одан бөлек, азамат Ж.К.Бегалиевтың шағымы негізінде Тараз қаласы әкімінің аппаратында жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларының талаптары бұзылғандығы анықталды.

Нәтижесінде, конкурстық комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде белгіленген әкімшілік құқықбұзушылық жасағандары үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, қысқартылған тәртіпте әрқайсына 22 972,5 теңгеден айыппұлдар салынды.

Сонымен бірге, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізіліп, оның орындалуы нәтижесінде конкурстық комиссияның шешімі жойылды.

Осылайша, шағым иесі мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға арналған конкурсқа қайта қатысуға мүмкіндік алды.

Осы бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп отырады, өйткені уәкілетті орган ретінде Департаменттің міндеттерінің бірі мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын мен бостандықтарын қорғау болып табылады.

 

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Жамбыл облысы бойынша департаментінің

мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау

басқармасының басшысы К.Мадиев

Comments (0)
Add Comment