Құрметті медицина саласының қызметкерлері және сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Ақ халатты атанып жүрген баршаңыздың еңбектеріңіз өте маңызды әрі жауапкершілігі зор.
Өйткені, Сіздердің қызметтеріңіздің өлшемі – адамдардың өмірімен байланысты.
Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі–халық денсаулығын нығайту десек, бұл тұрғыда Мемлекет басшысы отандық медицинаның алдына үлкен әрі жауапты міндеттер жүктеп отыр.
Қазіргі таңда Жамбыл облысының денсаулық саласында бірқатар оң өзгеріс орын алып, көптеген мәселелер шешілуде.
Жылдан жылға облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығаюда, жаңа денсаулық нысандары бой көтеруде. Қызметкерлердің еңбек жағдайлары жақсаруда.
Айталық, облыстағы халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында 3 ауданда орталық ауруханалар құрылысы мен 3 ауданда көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының құжаттары әзірленуде.
Сондай-ақ, облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейін төмендету мақсатында 3,3 млрд. теңгеге 20 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде 1,7 млрд. теңгеге 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу және 1,5 млрд. теңгеге 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделген.
Бұл осы бағыттағы жұмыстардың бірқатары ғана.
Іскерлік ынтымақтастықтың арқасында Меркі және Жамбыл аудандарында, сондай-ақ, Тараз қаласының №5 қалалық емханасында алғашқы үздік практикалық орталықтар ашылды. Тағы да осындай орталықтар ашу жұмыстары жалғасын табуда.
Осыған сәйкес, саладағы көрсеткіштер де жыл санап жақсарып келеді десек, ол Сіздердің кәсіби білімдеріңіздің нәтижесі екендігі сөзсіз.
Осынау сауапты да, салауатты істеріңізге, ел мүддесі жолындағы қиындығы мен қуанышы мол еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Мереке құтты болсын!