Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы дамытуға арналған пайымдары – нақты әрекетке шақыру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында ел экономикасын дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты ойын ортаға салды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Мемлекет басшысының Үкіметтен батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауды талап етіп отырғанын айтады.
«Президент экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін бағалай отырып, проблемалардың барын ашық айтты. Шын мәнінде, Қазақстанда жақсы жобалар мен бағдарламалар аз емес. Алайда олардың орындалуы кейде көңіл көншітпей жатады. Жауапкершілік аз,мемлекет қолдау көрсеткен бірқатар жобалардың тиімділігі болмай жатады. Сондықтан бұл жерде ең бастысы – жоспардың қағаз жүзінде қалмауы, оның нақты нәтижеге жеткізілуі,жұмсаған қаражаттың тиімділігі маңызды. Президенттің «Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады» деген сөзі осыны нақты көрсетіп отыр. Осы орайда әр жобаның тиімділігіне талдау жүргізу керек. Сонымен қатар Үкімет шағын және орта бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген несие жүйесін қалыптастыруы қажет. Өйткені банктердің қазіргі жоғары пайызбен беретін несиесімен экономиканы дамыту мүмкін емес. Сондай-ақ мемлекеттік Қазақстан Даму банксіне реформа жүргізген дұрыс болады.
Парламент депутаттары ретінде біз әрдайым Үкіметтен, жалпы атқарушы биліктен сапалы әрі тиімді жұмыс талап етуге ерекше мән береміз. Жобаларға талдау жасап,ұсынымдарымызды енгіземіз. Заңнамалық деңгейде экономикалық реформаларды қолдап, олардың нәтижелі жүзеге асуына ықпал етуді басты міндетіміз деп білеміз. Жақсы идеялар мен жобалар халыққа нақты пайдасын тигізгенде ғана олардың құндылығы артады.
Президентіміздің өңірлерде тәжірибеден өткен, жергілікті жердің жағдайын жақсы білетін мамандарды жауапты қызметтерге тарту туралы пікірі де өте орынды. Бұл – кеңседен шықпай, қағазбастылықпен айналысқан шенеуніктерге емес, экономиканың нақты секторында, аймақтарда жұмыс істеп, әбден ысылған, қолынан іс келетін білікті мамандарға деген сұраныс артып келе жатқанын аңғартатын тұжырым. Ондай мамандар елде баршылық. Тек оларға қолдау көрсету керек. Қазір Қазақстан үшін экономиканың 4 пайыздық өсімі жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет жаңа тәсілдер тауып, батыл шешімдер қабылдауға тиіс екенін Президент атап өтті. Бұл ретте Парламент депутаттары халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты жобаларды қолдап, олардың іске асуын бақылауды жалғастыра береді. Мемлекет басшысы қойған міндеттер бәріміз үшін ортақ. Әрбір азамат, әрбір мемлекеттік орган бұл жұмыстың сапалы жүзеге асуына үлес қосуы қажет. Бұл – еліміздің табысты дамуының басты шарты», – дейді халық қалаулысы.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Қасым-Жомарт Кемелұлының сұхбаты алдағы міндеттерді айқындайтынын атап өтті.
«2024 жыл Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Табиғи апаттар мен сыртқы факторлардың салқыны, оның ішінде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал қалыптасты. Дегенмен Қазақстан бейбітшілік үшін тиімді диалог орната алатын мемлекет ретінде өзінің халықаралық позициясын нығайтты. Бұл елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың тұрақты дамуына септігін тигізді. Соған қарамастан, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет ретінде міндеттерін жүйелі жүзеге асыруда. Мысалы былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.
Президент сұхбатында өткен жылы жүзеге асырылған маңызды реформаларды, оның ішінде құқық қорғау жүйесіндегі өзгерістерді, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында қабылданған заңдарды ерекше атап өтті. Әсіресе, әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң туралы арнайы тоқталды. Бұл құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты, турасын айтқанда, масқара әрекеттердің тамырына балта шабу қарастырылған. Әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейтілді. Оған қоса, жас балаларды өлтірген немесе зорлаған адам өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Кәмелетке толмағандарды басынып, мазақ қылғандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл талап алғаш рет заң жүзінде бекітілді.
«Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің заңнамалық негізін қалыптастыру үшін көп жұмыс атқарылды. Онда жинақталған қаржыны Қазақстанның және шетелдің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу, сондай-ақ тұрғын үй алу үшін жұмсауға болады.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша үш дербес кассациялық соттың жұмысқа кірісетіндігі жөніндегі шешім – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Экология саласында да маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Су ресурстарын басқару, табиғатты қорғау және су мамандарының тапшылығын шешу бағытында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылып, су шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар қолға алынды. Бұл қадам елдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ирригациялық каналдарды жаңғыртуға бағытталған.
«Жайлы мектептер» жобасы аясында жаңа мектептердің құрылысы жалғасуда. 217 жаңа мектеп салу жоспарланып, оның 105-і аяқталды. Бұл мектептер үш ауысымды мектептер мен оқушы орын тапшылығын жоюға бағытталған. Осылайша, балаларымыздың сапалы білім алуына жағдай жасалып, ауылдық жерлердегі білім беру сапасын арттыру көзделіп отыр.
Президент сұхбатында заңдардың тек қабылдануы ғана емес, олардың шынайы орындалуының маңызды екенін айтты. Бұл халықтың сұранысы мен қажеттіліктеріне жауап беретін заңдардың қоғамда қалай жүзеге асатынын көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту. «Заңның қабылдануы – істің бастамасы ғана. Ең бастысы – олардың шынайы орындалуын қамтамасыз ету», – деді Президент.
Жастардың жаңа технологияларды меңгеруі мен елге қызмет етуіне баса назар аударылды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект курстары енгізілді. Бұл жастарды цифрлық дағдылармен қамтамасыз ету және жаңа заманға сай мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беру мақсатында жасалған үлкен қадам болды.
2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды, бұл жұмысшы мамандықтарын насихаттап, жастарды осы салаға тарту үшін жасалатын маңызды бастама.
Президент ауылдық аймақтарды дамытуға арналған ұлттық жобалардың жалғасатынын айтты. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, медициналық инфрақұрылымды нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Елге оралған жас мамандарға жағдай жасау, оларды жоғары табысты салаларға тарту Үкіметтің басты міндетіне айналмақ.
Мемлекет басшысы халықтың үні – реформалардың негізі екенін, реформалар халықтың өмір сапасын жақсартуға арналатындығын атап өтті.
Президент барлық қазақстандықтарды ортақ мақсатқа бірігуге шақырды: «Біздің мақсатымыз – тұрақты, қауіпсіз, және әділетті Қазақстан құру. Бұл тек бірлескен күш-жігермен жүзеге асады».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлт басылымы «Ана тілі» газетінде жарық көрген сұхбаты – өткен жылдың нәтижелерімен қатар алдағы жылдар үшін стратегиялық бағдарды айқындайды. Бірлік, сенім және еңбекқорлық ел дамуының мызғымас бағдары», – дейді Жұлдыз Досбергенқызы.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков Мемлекет басшысының сұхбатын оқи отырып, көптеген мәліметке қанық болғанын жеткізді.
«Шынында өткен жыл ел халқы өте күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Дегенмен барлық қиындықты ауызбіршілік пен ынтымақ бірліктің арқасында жеңіп шықты. Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмылып тасқын судан зардап шеккен аймақтарға қол ұшын берді. Қазақстан халқының ең басты құндылығы бірлік екендігі осы тұста айқын көрінді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында елді алаңдатқан сауалдарға да жауап берді. Атап айтар болсақ, әлеуметтік желіде «Қ.К.Тоқаев 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруға кетеді, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді» деген алып қашпа әңгіменің нүктесін қойды.
«Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін» — деді ел Президенті.
Сондай-ақ, бірыңғай уақыт белдеуі мен «Таза Қазақстан» экоакциясы, доллардың көтерілуі, қаңтар оқиғасы, Талғар оқиғасы және мемлекеттік тіл секілді бірнеше өзекті мәселелер жөнінде жүзеге асып жатқан жұмыстар жөнінде арнайы тоқталып өтті», – дейді депутат.
фото: istockphoto.com
https://turkystan.kz/article/254149-memleket-basshysy-koigan-mindetter-b-rimizge-ortak-m-zhilis-deputattary