Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тіреледі» деп, осы салаға ерекше басымдық беру қажеттігін айрықша атап көрсеткен болатын.
Оқушылардың сапалы білім алып, әлемдік білім кеңістігіне емін-еркін енуі – түптеп келгенде ұстаздар біліктілігіне, заманауи талаптарға сай мектептің материалдық-техникалық базасына байланысты.
Бүгінде, аудан аумағында бұл бағытта атқарылып жатқан игі істер баршылық. Биыл ауданда күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан
үш бірдей білім ошағының бірі — Диқан ауылдық округіндегі №2 орта мектебі.
Күні кешеге дейін Ленин атын иеленіп келген білім ордасы осы жылы атауын өзгертіп, күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ендігі уақытта жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген №2 орта мектебі биыл жаңа кейіпке енбек. Аудан әкімдігі білім бөлімінің тапсырысы негізінде жалпы құны 212 миллион 23 мың 172 теңге қаражатқа Б.Ахметов жетекшілік ететін «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алған.
Құрылыс барысымен танысуға барған бізді «Тараз Строй — 2004» ЖШС-нің учаске басшысы Исмайл Көпжасаров қарсы алып, мұндағы атқарылып жатқан ауқымды істерді тілге тиек етті. Үш ай мерзімге жоспарланған құрылыс алаңында қызу еңбек жүріп жатыр. Барлық азып-тозған терезелер мен есіктері, шатыры мен едені алып тасталып, жылу желілері мен кәріз құбырлары толықтай жаңарудан өткізіліп жатқанын көрдік.
Учаске басшысының айтуынша құрылыс басында серіктестіктің сексенге жуық адамы мен аудан тұрғындарынан жиырма үш адам жұмысқа тартылған екен. Алдағы уақытта әрлеу-сәндеу жұмыстары кезеңінде қосымша он-он бес адамға дейін қабылданатын болады. Жұмысшылардың жалақылары орташа есеппен 70-100 мың теңге аралығында, күнделікті 8-10 сағаттық жұмыс режимімен, екі мезгіл ыстық тамақпен және серіктестік жұмысшылары жатын орындармен қамтамасыз етілген. Мұндағы қолданылып жатқан құрылыс материалдарының дені өзімізден, яғни, Тараз қаласынан тасымалданып жатса, тек керамогранит қана Шымкент қаласынан алынуда. Сонымен қатар, «А» және «В» блоктарының шатыры шерепицамен, ал, акт және спорт залдарының шатыры жұмсақ жамылғымен төселеді екен. Көрсетілген жобаға сәйкес, бірінші, үшінші қабаттағы сынып бөлмелерінің едендеріне ағаш төселсе, дәліз бен асхана едені керамогранитпен қапталмақ.
Сондай-ақ, акт зал мен оның сахнасының едені 35 см ағашпен, спорт залына қабат еден (рейчный пол) жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарына серіктестіктің кран автокөлігі, жүк тиегіш, екі дана самосвал көлігі тартылған. Мектеп қабырғалары пеноплэкспен қабатталып, сыртынан (дождик) жүргізілмек. Мектептен шыққан жарамды құрылыс материалдары ауылдық округ әкімі мен аудан әкімдігі білім бөлімінің тарапынан басқа білім ошақтары мен ауылдық округтегі жағдайы төмен отбасыларға таратылып берілуде.
Осындай ауқымды істердің атқарылып жатқанын алға тартқан учаске басшысы жоба бойынша ауытқушылықтың жоқ екенін, аталған жұмыстар үстіміздегі жылғы тамыз айының жиырма бесіне толық аяқталатынын айтты.
Күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан бұл мектеп жаңа оқу жылында оқушылардың сапалы білім алуына негіз болатыны сөзсіз.