Күні кеше ауданымызға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов арнайы сапармен келіп, өңірдегі бірқатар нысандарды аралады. Ең алдымен Ерболат Байұзақұлы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағына барып, ондағы жұмыстардың жай-күйімен танысты. Экономикалық аймақтың басқарма төрағасы Қ.Мұхамбетқалиев 505 га жерге орын тепкен өндіріс ошағының бүгіні мен алдағы жоспарын баяндап берді.
Бұдан әрі халық қалаулысы Бірлік ауылындағы «Kaz-IrAgro» ЖШС-де болды. Серіктестік басшылығы кәсіпорынның беталысын айтып, келешектегі жоспарларымен бөлісті. Аталған серіктестік өткен жылы Қытай, Өзбекстан, Германия сынды бірқатар елдерге 360 тонна май өнімдерін экспорттағанын айта кеткен жөн.
Ерболат Байұзақұлы ат басын бұрған орынның бірі — жеке кәсіпкер А.Матышев салған көкөніс қоймасы болды. Бірлік ауылында салынған қойманың сыйымдылығы 20 мың тонна болса, ал жобаның жалпы құны 1 250,0 млн теңгені құрайды. Мәжіліс депутатының өңіріміздегі сапары аудандық әкімдіктегі ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен болған кездесумен қорытындыланды. Онда шаруалар саладағы түйткілдерді жеткізіп, өз ойларын ортаға салды.