Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауын жариялағаны баршаға мәлім.
Осы жолдауда Президент ең әуелі Тәуелсіздігіміз біздің ең басты қастерлі құндылығымыз дей келе «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы.
Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық.
Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы.
Барлық бастамамыз осыған бағытталуда» деп ерекше атап көрсетеді.
Осы орайда өңір депутаттары халықтың игілігі жолында жұмыс істеп келеді.
Қоғамдық қабылдауларда халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, шешімін таппаған мәселелерге қал-қадірінше көмектесіп те жатқан жайы бар.
Осындай халық қалаулысының бірі – Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.
Ол қоғамның өзекті мәселелерін шешуде алдыңғы қатардан көрініп жүрген белсенді депутат.
Көптің арасынан депутат болып сайланғаннан кейін сол өңірдің тыныс-тіршілігімен етене танысып, хабардар болумен қатар, сол өлкенің түйінді мәселелерін халықпен бірлесе отырып талқылап, оны жоғары жаққа жеткізу – әрбір халық қалаулысының мақсаты мен міндеті.
Міне, бүгінде Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Мойынқұм ауданына арнайы іссапармен келіп, маңызды нысандарды аралады.
Іс сапар барысында халық қалаулысы Айдарлы, Бірлік ауылдарына арнайы атбасын бұрып, ондағы ахуалды көзбен көрді.
Кеңес ауылындағы спорт кешені, клуб құрылысымен танысып, Бірлік ауылында қырманды көріп, ауыл тұрғындарымен жолықты.