Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Сайрам, Тассай, Ұлағат елді мекендерінде жүргізіліп жатқан таза ауыз су құрылысының жұмысымен танысуға Исфиджаб тұрғын алабына барды.
Кездесуге Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат төрағасы Б.Нарымбетов, Мәжіліс депутаты Д.Исабеков, мәслихат депутаты, қалалық фракция жетекшісі Қ.Имашев, Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек, қалалық партия Атқарушы хатшысының орынбасары Е.Айтбаев қатысты.
– «Үшінші қала» статусын алғалы бері Шымкентке жаңа елдімекендер қосылғанын білесіздер. Ондағы халықтың басты проблемасы – инфрақұрылым. Әсіресе, таза ауыз су мен жол проблемасын айтып тұрғындар біздің партияға жиі шағымын айтып келеді. Сайлауалды уәдемізде осы мәселелерді шешу үшін арнайы Жол картасын жасаған болатынбыз. Енді сол уәделердің орындалуын қатаң бақылауда ұстаймыз, – деді Е.Бейсенбаев.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы М.Ердембеков таза ауыз су құрылысындағы негізгі мәселелерді айтып, жұмыс барысын баяндады. Үш кезеңнен тұратын құрылыс жұмыстарының 65% орындалып, ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда. Бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС компания өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмысы кестеге сәйкес, жоспарлы түрде іске асырылып келеді. 2025 жылға дейін мегаполисті 100% сапалы ауыз сумен қамту үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде.