Мәжіліс депутаты білім саласына қатысты өзекті мәселе көтерді

Депутаттың сөзінше, білім беру сапасының төмендеуіне бірқатар фактор әсер етіп отыр

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Қазақстандағы мектеп білімінің жағдайына қатысты өткір сын айтып, жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарын жария етті. Депутат өзінің Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында бүгінгі мектептердің барлық балаға сапалы білім бере алмай отырғанын ашық айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz ға сілтеме жасап 08info.kz

Депутаттың сөзінше, білім беру сапасының төмендеуіне бірқатар фактор әсер етіп отыр.

«Шамадан тыс жүктеме, қағазбастылық, инфрақұрылымның теңсіздігі, сондай-ақ WhatsApp-тағы чаттар пен тапсырмалардың көптігі ұстаздың уақытын алып, оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді», деді Жайымбетов.

Ол қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық әлі де айқын екенін, бір өңірде жаңа мектептер бой көтерсе, басқа аймақта интернеттің өзі тұрақсыз екенін атап өтті. Президенттің «қала мен ауыл баласының мүмкіндігі тең болуы тиіс» деген тапсырмасы нақты іске айналуы қажет екенін жеткізді.

Сонымен қатар депутат репетиторлыққа деген сұраныстың 25%-ға өскенін, оның сән емес, мәжбүрлікке айналғанын айтты. Бұл әлеуметтік әділетсіздік пен білім теңсіздігін тереңдетіп жатқанын жеткізді.

«Репетитор — сән емес, қажеттілікке айналды. Бірақ оған барлық отбасының мүмкіндігі бірдей емес. Осылайша білім теңсіздігі күшейіп, әлеуметтік әділетсіздік тереңдеуде. Үлкен мәселе», деді депутат.

Тағы бір маңызды мәселе – мұғалімдерді аттестаттау мен жұмысқа қабылдаудың формалды сипаты.

«Қазіргі уақытта қағазбастылықты жоямыз деп барлық қызметті цифрландыру процесі жүріп жатыр. Оның ішінде педагогтердің аттестациясы мен жұмысқа қабылдау рәсімдері де бар. Бұл, әрине, тиімді көрінуі мүмкін, алайда электронды форматта өткізілгенімен, көбіне сканерленген құжаттармен шектеледі. Ал мұндай құжаттардың шынайылығы — бөлек мәселе. Осы орайда, аталған екі рәсімде де адамның жеке тұлғалық қасиеттері мен маман ретіндегі шынайы құзыреттілігін толық бағалау қиын. Сондықтан балаға білім мен тәрбие беру негізгі мақсат екенін ескере отырып, бұл рәсімдерге «әңгімелесу» немесе «сабақ беру» кезеңін қосу орынды», деді ол.

Депутат біліктілікті арттыру орталықтарының тиімділігіне де күмән келтірді. Мемлекет жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлгенімен, оның нақты нәтижесі сұралмайды.

«Ал біліктілік арттыру орталықтары миллиардтаған бюджет қаржысын игергенімен, олардың жұмысының нақты нәтижесі ешкімнен сұралмайды. Білім заңына сәйкес, әрбір педагог үш жыл сайын біліктілігін арттыруы тиіс, яғни жыл сайын педагогтердің 33 пайызы оқудан өтеді. Алайда көп жағдайда бұл үдеріс республикалық мекемелермен (Өрлеу, Педагогикалық шеберлік орталығы және т.б.) шектеледі. Екі-үш аптаға созылатын курстардың оқушылардың білім сапасына нақты әсері бар-жоғы назардан тыс қалып отыр. Мемлекет қаржысы бөлінген болса, оның қайтарымы да талап етілуі тиіс. Сәйкесінше,  жауапкершіліктің бұл бөлігі біліктілік арттыру мекемелеріне де нақты жүктелуі қажет», деді ол.

Осы мәселелерді ескере отырып, «AMANAT» фракциясы төрт нақты ұсыныс жолдады:

Мұғалімдердің кәсіби дамуын жаңа деңгейге шығару және біліктілікті арттыру орталықтарына нақты жауапкершілік жүктеу.

Аттестация мен жұмысқа қабылдау жүйесіне практикалық дағдыларды бағалайтын кезең енгізу.

Білім сапасын кешенді бағалайтын әділ көрсеткіштер жүйесін енгізіп, тәуелсіз ұлттық зерттеу институтын құру.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті қысқартуға бағытталған қаржылық және индикаторлық тетіктер әзірлеу.Фото: фото; Ашық дереккөз

Comments (0)
Add Comment