Мәңгілік биікте қалған әке бейнесі

Биыл біздің асыл әкеміз, ардақты атамыз, соғыс және еңбек ардагері Орын Исабекұлы 100 жасқа толар еді. Өмірі өнегеге, еңбегі ерлікке толы аяулы жанның ғибратты ғұмырын еске алу – біздің перзенттік парызымыз.
Орын Исабекұлы 1925 жылы 6 ақпанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Бесжылдық ауылында дүниеге келді. 7 кластық білім алып, жастайынан еңбекке араласқан. Еліне төнген ауыр күндерде, 1942 жылы 18 қаңтарда небәрі 17 жасында Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, 12 наурызда Отанға адал қызмет етуге ант берді.
Соғыс жылдары 55-ші атқыштар полкында курсант, кейін бөлім командирі болып қызмет атқарды. 1944 жылдың көктемінен бастап 820 және 380-ші атқыштар полктарында аға командир ретінде жауынгерлік тапсырмаларды мінсіз орындады.
1945 жылдың мамырынан 1946 жылдың қарашасына дейін әскери командирлік қызмет атқарып, Ұлы Отан соғысының соңына дейін жауынгерлік сапта болды.
Берлинге дейін жетіп, Бранденбург қақпасының түбінде ауыр жараланып, госпитальда емделіп, ақыры елге 1946 жылы қараша айында аман-есен оралды. Майдандағы ерлігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды.
1947 жылы өмірлік серігі, анамыз Тұрғын Сейтрахманқызымен отбасын құрып, бір шаңырақтың ұйытқысы атанды. 1950 жылы Семей қаласындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, 1953 жылы агроном мамандығы бойынша дипломмен оралды.
Соғыстан соң ел игілігі үшін еңбекке араласып, 1953-1954 жылдары Бесағаш ауылында колхоз төрағасы болды. Кейін Жамбыл атындағы «Жеміс-жүзім» совхозында агроном, бригадир, бас қоймашы секілді сан түрлі қызметтер атқарып, зейнетке шыққанға дейін тынымсыз еңбек етті. Кең ойлы, терең білімді, көкірегі ояу азамат ретінде ауыл-аймағына сыйлы, қадірлі болды.
Әкеміздің есімі Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы соғыс ардагерлеріне арналған мемориалдық тақтада және Мәскеудегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мұражайында алтын әріппен жазулы.
Өкінішке қарай, майдандағы ауыр жарақаттың салдары денсаулығына әсер етіп, 46 жасында инсульт алып, содан бастап сырқатқа бой алдырды. Алайда өмірге деген құштарлығы мен рухының мықтылығы арқасында ұзақ жылдар бойы күресіп, 1986 жылдың 17 мамырында 61 жасында дүниеден өтті. Жан-тәнімен елін сүйген ердің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Әкеміз біз үшін асқар тау, жүрегі дархан, сөзі мен ісі бір, адамгершілігі биік тұлға еді. Айналасына тек жақсылық дарытқан, үлкенге іні, кішіге аға бола білген жан болатын. Отбасы үшін ғана емес, бүкіл ауыл үшін «Папа» болған жан. Достары әр ұлттан, орыс және неміс тілдерін жетік меңгерген көзі ашық, көкірегі ояу азамат болатын. Ел-жұртына деген жанашырлығы ерекше еді.
Асыл әкеміз бен аяулы анамыздан 7 қыз, 1 ұл тарады. Бүгінде ұрпақтары – немерелері, шөберелері, шөпшектері бүкіл Қазақстанға тарап, әр салада еңбек етіп, оқып, өсіп-өркендеуде. Бір әулеттің ғана емес, бір қауым елдің тірегіндей бола білген асыл адамның ғибратты ғұмыры ұрпаққа үлгі.
Әрдайым:
«Әрқашанда биік көретін
Мен басқадан,
Менің әкем, менің әкем –
Ең жақсы адам…» – деген өлең жолдары біздің әкеміздің бейнесін дөп басып тұрғандай. Ол – біз үшін мәңгілік асқар тау, жарық жұлдыз, өміріміздің темірқазығы болып қала береді.
Биыл әкеміз 100 жасқа толар еді. Өмірі өнеге, сөзі өсиет, бейнесі мәңгі жадымызда қалатын ардақты әкемізге бас иеміз. Сіз біздің жүрегімізде мәңгі тірісіз.

Исабековтер әулеті

Comments (0)
Add Comment