Мал төлдету науқаны жүріп жатыр

Көктем шыққалы егістікте қарбалас басталса, тіркеме тіркеген техникалардың дыбысына, жылғадан аққан өзен- бұлақтың дауысына дала төскейіндегі мыңғырған малдың төлдері қосылды. Қылышын сүйреткен қыстан кейінгі байтақ даланың ғажайып көріністері осылар. Көк көтеріліп, төлдер алғашқы нәрін алып үлгерді. Көз салсаң маңғаз даланың көктемді құшақ жая қарсы алғанын аңғарасың. Оған қыс бойы қалың қардың түсуі, өзен-көлдерде су деңгейінің жоғарылауы мысал бола алады.

Тұлпар шапса тұяғы талатын дархан даланың аудандағы үлесінде биыл мүйізді ірі қара малының саны 52781 бас, қой-ешкі 325971 бас, жылқы 23279 бас, құс 451918-ге жетіп отыр. Қыс қаталдық танытқанымен шаруаларға артылатын жауапкершілік әркез жоғары екені белгілі. 2022-2023 жылдардағы мал қыстату науқанына 97,8 мың шартты мал басы түседі деп жоспарланған. Өткен жылдың он айына 283270 бас қой-ешкінің күйекке түскен 198289 бас аналық саулықтары төлдеуде. Биылғы жылдың екі айында 325971 бас саулықтың 180752 басы (55,4 пайыз) жеке кәсіпкерлер мен шаруашылықтар үлесінде болса, 143016 басы жұртшылық малы (43,8 пайыз). Екі айда алынған төл 39162 басты құрап отыр. 2022- 2023 жылы Мойынқұм, Көделі, Шәйхана (Қоңыртөбе), Қаратау-Күйік, Ақшолақ-Жасөркен, Үлкен Бурыл және ауылдағы мал жайылымдарындағы 255 базда аудан шаруашылықтарының малдары қысталды. Қыстан шыққан шаруалар жайы мен төрт түліктің төлдеу науқаны туралы білмекке өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Аманов, аудандық ветеринариялық стансаның директоры Төрехан Қойлыбаев Айшабибі, Қаратөбе, Өрнек ауылдық округтеріне қарасты шаруа қожалық иелерімен жолығып қайтты.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары бастаған топ Айшабибі ауылдық округіне қарасты «Күйік 2» шаруа қожалығының уақ малының жай-күйін көрді. Тау жағасында жайылып жүрген түлікке арнайы қойшы бекітілген. Рина Артықбаева басшылық ететін қожалықтағы 1000 бас уақ малдың 620-сы саулық екен. Бір қызығы, қыстан қысылмай шыққан саулықтар толықтай төлдеп, көктемнің көгіне ілігіпті. Ербол Жұмабекұлы қозылардың күйін көріп, мал баққанға бітетіннің ісі осылай боларын айтты. Ілкімді жұмыстарды жүйелендіре білген шаруа қожалық жетекшісі мал санын арттыруға ниетті екенін жеткізді.

– Әйел затының мұндай істі дөңгелетіп әкетуі екіталай. Мал шаруашылығы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бірақ, сіздің бойыңыздан бақташыға тән барлық қасиетті аңғаруға болады. Тау жағасындағы көктің қандай құнарлы екенін айтпасақ та түсінікті шығар. Саулық пен төл тез ет алатын болады. Біздің тараптан сырғалау және түрлі ауруға екпе салуға мүмкіндік бар. Сізбен аудандық ветеринариялық стансаның мамандары байланысатын болады. Бағар көбейсін, – деді аудан әкімінің орынбасары шаруа қожалықтың жұмысына риза көңіл танытып.

Келесі кезекте таулы аймақтағы «Әулиебастау» бұлағына бағыт алды. Мұндағы «Әулиебастау» шаруа қожалығында 1600 уақ малдың 960-ы төлдеген. Аудандық ветеринариялық стансаның мамандары біз аялдаған тұста екпе егу және сырғалау жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.

Сапарының соңында аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов «Игілік» шаруа қожалығының ірі қарасы мен жылқылары орын тепкен тұрағына барды. Шаруа иесі Айдар Партенов мемлекет тарапынан 5 млн теңге көлемінде көмек алып, мал басын көбейткен. Фазенда аумағына су ұңғымасын қазып, күннен электр қуатын алатын қондырғыны орнатқан.

Ризығын төрт түліктен айырып отырған шаруа қожалық иесінің жұмысы тындырымды, әрі ол мал басын көбейтуге ниетті.

Comments (0)
Add Comment