Мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру

Кейінгі жылдары ауданымызда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісі ерекше қарқын алып, олардың бірқатары өз жұмысын бастап кетсе, енді бірі өндіріс ошақтарының құрылысын аяқтауға жақын қалды. Аталған жобалардың әрқайсысы ауданымыздың, тіпті облысымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға сеп болары сөзсіз.
Сол себепті де өңіріміздегі инвестициялық жобалардың құрылысына жауапты мердігерлермен кездесіп, онда жұмыс істеп жатқан азаматтардың қауіпсіздігі, шетелдік азаматтардың жол жүру ережесін сақтауы сынды мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Ең маңыздысы, аудан аумағында, оның ішінде құрылыс нысандарында жұмыс істеп жатқан әрбір мердігерлік компанияның жергілікті кірістер басқармасына тіркелуі, салықты осы өңірге төлеуі қажеттігі айтылып, жан-жақты түсіндірілді.
Бұл жұмыстар бір жағынан аудан тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашса, екіншіден аудан қазынасына түскен қаржы арқылы тұрғындардың өзге де қажеттіліктерін өтеуге болады.
Бұл кездесу ең алдымен «SHENGTAI BIOTECH CO.LTD» жүгері өңдеу зауытында өтіп, жоғарыда аталған мәселелер кеңінен талқыланды. Дәл осы бағыттағы жұмыстар өзге де өндіріс ошақтарында жүргізіліп, шетелдік инвесторлар мен мердігерлерге ұдайы түсіндіріліп отыратын болады.

Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі

Comments (0)
Add Comment