Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, өңірдегі вегетация кезеңінің өту барысымен танысты.
Облыс әкімдігінде министр өңір басшысы Мұрат Ергешбаевпен кездесті. Тараптар су шаруашылығы саласының қазіргі ахуалын, вегетация кезеңінің өтуін, су үнемдеу технологияларын енгізу және гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін талқылады.
Биыл Қызылорда облысында күріш егісінің көлемі былтырмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарып, 70 мың гектарды құрады. Қысқартылған күріш алқаптарының орнына 10 мың гектар жерге ылғалды аз қажет ететін дәндік жүгері егілді.
Сондай-ақ Қазалы ауданында салынатын «Қараөзек» су қоймасының құрылысы талқыланды. Бұл нысан 31 мың гектар егіс алқабын және 120 мың гектар шабындық пен жайылымды сумен қамтамасыз етеді. Жоба Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Облыс әкімімен кездесуден кейін министр Жалағаш ауданына барып, «Таң LTD» ЖШС-нің егістік алқаптарын аралады. Кәсіпорын жалпы 1995 гектар жерде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіреді. Оның 1861 гектары күріш алқаптарына тиесілі. Сонымен қатар мұнда су үнемдеу суару жүйелері мен заманауи агротехнологиялар енгізіліп, егістік алқаптарын лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалағаш ауданындағы жалпы егіс көлемі 41,8 мың гектардан асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5152 гектарға артық. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы қажеті үшін жоспарланған 638,32 млн текше метр судың 406,4 млн текше метрі алынған. Сонымен бірге экологиялық тұрақтылықты сақтау және жергілікті экожүйелерді қолдау мақсатында «Қараөзек» каналы бойындағы көлдер жүйесіне су жіберіліп жатыр. Бүгінге дейін жоспарланған 203 млн текше метр судың 146,5 млн текше метрі жіберілді.
Қармақшы ауданында министр жалпы аумағы 3363 гектарды құрайтын «Жаңа жол» ЖШС-нің егістік алқаптарына барып, суармалы жерлерге каналдар арқылы су жеткізу барысымен танысты. Аудандағы жалпы егіс көлемі 25 мың гектардан асады. Оның ішінде күріш егістігі 11,5 мың гектарды құрайды. Қазіргі уақытта жоспарланған 522,3 млн текше метр судың 323 млн текше метрі алынған.
Фермерлер суармалы судың тұрақты әрі уақытылы жеткізіліп жатқанын айтып, вегетация кезеңінің соңына дейін каналдар арқылы берілетін су көлемінің сақталатынына сенім білдірді. Сондай-ақ олар су ресурстарын басқару мен бөлуді ретке келтіру бағытындағы жұмыстары үшін министрлікке және «Қазсушар» РМК облыстық филиалына алғыс айтты.
Қармақшы ауданында экологиялық қажеттіліктер үшін 100 млн текше метр су қарастырылған. Оның 60,4 млн текше метрі бүгінге дейін алынды. Сонымен қатар ауданда жалпы ұзындығы 88,5 шақырым болатын 12 каналды бетондау жоспарланып отыр. Барлық нысан бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған.