Қазіргі кезде ауданымыздағы ауылдық округтерде жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың мерзімінен кешіктірілмей және сапалы орындалуы ұдайы бақылауда болуы тиіс. Сондықтан да бүгінгі аппараттық кеңесте аталған жұмыстарға жауапты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының баяндамасын тыңдап, бірқатар мәселелерді талқыладық.
Бүгінде аудан бойынша республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар бірқатар автожолдарға орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барысы бойынша бөлім басшысына бірқатар сын-ескертпелер айтылып, нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, аппараттық кеңесте Ескі Шу ауылдық округінде атқарылған жұмыстардың барысы талқыланды. Аталған округ бойынша жүргізілген инспекторлық зерделеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, ауыл әкіміне қоқыс пен жарықтандыруға байланысты кемшіліктерді түзету жүктелді.
Аппараттық кеңестің күн тәртібіне сәйкес, бүгінгі күнде өзекті болып отырған Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты түйткілдер де сараланды. Бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін аудаңдық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы мен Ветеринариялық станциясы бөлімінің басшыларына тапсырма берілді.
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі