Қызылорда облысында жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан 5 оқушы ұсталды

Кәмелетке толмаған баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы екені белгілі болды

Қызылорда облысында жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушы аудандық полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.

Әлеуметтік желіде жасөспірімді белгісіз азаматтардың ұрып-соғып жатқаны туралы видео жарияланды.

Қазалы аудандық полиция бөлімі қосымша тексеру және әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізді.

Нәтижесінде видеодағы кәмелетке толмағанды ұрып-соққан адамдар анықталған.

«Бұл бойынша Қазалы ауданы полиция бөлімінің сотқа дейiнгi тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді», — делінген хабарламада.

Қазалы ауданының әкімдігі төбелеске қатысты анықтау шаралары жүргізілгенін хабарлады.

«Кәмелетке толмаған баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы екені белгілі болды. Олар 7 сәуірде аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазір соққыға жығылған бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты», — деп мәлімдеді аудан әкімдігі.

Comments (0)
Add Comment