«ҚЫТАЙҒА БАРАМ» деген ойыңыз болса, бұл АҚПАРАТ сізге ҚАЖЕТ

Осыған дейін Қытай туралы көп нәрсе білмедік. Өйткені, жабық ел болды. Есесіне, естігенде арқаңды мұздатып жіберерліктей алыпқашпа әңгімелер көп жүрді. Сурет: sun9-61.userapi.com 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим (30 күнге дейін) енгізілген болатын. Содан бері аспанасты еліне қарай ұлы көш басталды деуге болар. Сауда-саттық жасау, саяхат, басқа да түрлі мақсатпен қаншама адамдар Қытай шекарасын әрлі-берлі кесіп өтуде. Әсіресе, әлеуметтік желілерде танымал блогерлердің барыс-келісін қалың жұрт болып бақылап отырмыз. Осыған дейін Қытай туралы көп нәрсе білмедік. Өйткені, жабық ел болды. Есесіне, естігенде арқаңды мұздатып жіберерліктей алыпқашпа әңгімелер көп жүрді. Ал қазір әрбір сапарлап барып-келген жан көршілес елдің шын бет-бейнесін өз көзімен көріп, болмысын жақын тануда. Егер сіз де Қытайға барғыңыз келсе, мына ақпараттар өте пайдалы болады деп ойлаймыз. Қол сүрткішті өзіңізбен алып жүріңіз Қытайда қоғамдық тамақтану орындары, дәретханалардың көпшілігінде дәретхана қағазы, қол сүртетін қағаз майлықтар біздегідей тегін берілмейді. Олардың өзін қосымша ақы төлеп сатып алуға тура келеді. Ол үшін «Неге майлықтарың жоқ?» деп шу шығара алмайсыз. Өйткені аспанасты елінде қалыпты жағдай саналады. Жергілікті тұрғындар мұндай қажеттіліктерді өздерімен алып жүруге дағдыланған, сондықтан бұл жерде таңғалатын жағдай емес. Ең дұрысы, сіз де сөмкеңізге үнемі қағаз майлық, ылғалды сүрткіштер мен дезинфекция құралын салып жүріңіз. VPN қолдану қауіпті Қытайда көптеген шетелдік веб-сайттар мен әлеуметтік желілерге кіру шектеулі. Сондықтан, WhatsApp, Google, YouTube, Instagram, Facebook сияқты платформаларға кіру үшін VPN қажет болады. Дегенмен, 2018 жылдан бастап Қытайда VPN сервисінің кей түрлеріне шектеу қойылған. Рұқсат етілмегенін қолдану заңбұзушылық болып саналады. Сондықтан тек рұқсат етілген VPN сервистерін қолданған дұрыс. Әрине, олар ақылы болуы мүмкін. Бірақ саяхат кезінде жеке бас қауіпсіздігі үшін аздаған шығынға шыдауға тура келеді. Шайпұл қалдырмаңыз Қытайда клиенттің шайпұл беруі көп жағдайда оң көзқараспен қабылданбайды. Егер шайпұл қалдырсаңыз, бұл әрекетіңіз «қызметкерлерге дұрыс жағдай жасалмаған, жалақы жеткіліксіз» деп ойлағаныңызды немесе оларды аяғандай көрінуі мүмкін. Кейбір жағдайларда ғана шайпұл беру қалыпты жағдай болып саналады. Мысалы, қымбат мейрамханаларда, отельдерде тазалықшы, жүу тасушыларға немесе жеткізу қызметіндегі курьерге. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде көбіне ұсақ тиынсыз төлеу қолайлы саналады, ал қайтарым ақша күтпестен төлеу әдепке жатқызылады. Қосымшаларды тиімді қолданыңыз Қытайда көп жерлерде ағылшын тілін түсінбейтіндіктен, өзіңізге қажетті мәтіндерді аударуға көмектесетін қосымшалар өте пайдалы болады. WayGo сынды қосымшалар суреттегі иероглифтерді интернетсіз аударуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе ас мәзірін немесе жол белгілерін түсінудің ең тиімді жолы. Сондай-ақ, ауа сапасы индексін көрсететін Airpocalypse қосымшасын жүктеп алған жөн. Бұл қосымша ластану деңгейі жоғары аймақтарды анықтап, маска киюге кеңес береді. Қытайда такси ретінде Didi Dache қолданылады, ол Uber-дің жергілікті нұсқасы іспетті. Кей тақырыптарды сөз етпеңіз Қытай тұрғындарымен сөйлескенде кейбір тақырыптарды қозғамауға кеңес беріледі. Мысалы, олардың тазалық мәдениеті, Мао дәуіріндегі мәдени революция, дін бостандығы, Қытай мен Жапония арасындағы қарым-қатынастар. Олар қытай халқы үшін өткір тақырыптар. Оларды талқылау ыңғайсыз жағдайға әкелуі мүмкін. Оның орнына Қытайдың ежелгі тарихы, мәдениеті, білім беру жүйесі сияқты тақырыптарда оң көзқарас, пікіріңізді білдіру жергілікті халықпен достық қарым-қатынас орнатуға жақсы көмектеседі. Саяхат уақытын дұрыс таңдаңыз Егер Қытайға саяхатыңыз мамыр айының бас жағына немесе қазан айына сәйкес келсе, өзіңізді ұзын-сонар кезекте сабыр сақтап тұруға іштей дайындаңыз. Өйткені, осы уақыттарда сіз секілді туристер мен демалушылар нөпірі қалың болады. Қытайлықтардың көпшілігі ұлттық мерекелер қарсаңында (мамар, қазан айлары) ғана демалуға мүмкіндік алады. Сондықтан, туристік орындарда адам көп, әр қадам сайын кезекте тұруға тура келеді. Бұл уақытта Қытайдың ең танымал көрнекі жерлерінде демалушылардың саны шектен тыс көп болады. Күні бойына кезекте тұрсаңыз да, өзіңіз қалаған көрнекі жерлерге мүлде кіәре алмай қайтуыңыз әбден мүмкін. Туристердің басым бөлігі – жергілікті тұрғындар Қытай азаматтарының шетелге шығуы қиынырақ. Құжат дайындау, рұқсат алуға көп уақыт кетеді. Сондықтан олардың көбі ел ішінде саяхаттауды жөн көреді. 2023 жылы Қытайға шетелден келген туристер саны 800 миллион шамасында болса, ел ішінде саяхаттаған қытайлықтар саны 4,8 миллиард адамды құраған. Сондықтан, шетел, өзге құрлық азаматтары Қытайда экзотикалық қонақтар саналады. Егер сіз еуропалық түр-сипатқа ие болсаңыз, әсіресе шашыңыз, теріңіз сары болса, танымал тұлғадан кем түспейсіз. Сізбен фотоға түсуді қалайтындар көп болуы мүмкін. Мұның бір артықшылығы бар. Көптеген түнгі клубтарда еуропалықтарға кіру тегін, тіпті кей жағдайларда танымалдықты арттыру үшін сізге ақы төлеп, ұзақ уақыт клубта болуды сұрауы мүмкін. Бұл кеңестер Қытайдың мәдениеті мен ерекшеліктеріне тез үйренісуге көмектеседі және сапарыңыздың жайлы әрі қызықты өтуіне септігін тигізеді.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН, ERNUR.KZ

Сурет: sun9-61.userapi.com

Comments (0)
Add Comment