Қырық бес жобаға қайтарымсыз грант берілді

Елімізде өз ісін бастап, кәсіпкерлікпен айналысамын деген жандарға барынша қолдау көрсетілуде. Бұл бағытта ілкімді істер қолға алынып, көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Әсіресе, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар кәсіп иелеріне зор көмек болуда.
Business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК-тен тұратын мемлекеттік гранттар алуға 2023 жылғы 20 ақпан мен 3 наурыз аралығында 728 азаматтан өтінім келіп түсті. Келіп түскен өтінімдердің 278-інің бизнес жобасы мал шаруашылығы бойынша жасалса, 170 үміткердің бизнес жобасы кондитерлік өнімдер бойынша әзірленген. Қалған 80 жоба – тігін ісі, 60 жоба – сұлулық салоны, 45 жоба – компьютерлік қызмет көрсету, 57 жоба ем-шара кабинеттері және 40 жоба өзге қызмет түрлері бойынша жасалған.
Тараз қаласы бойынша бірінші лекте 728 үміткер 9-20 наурыз аралығында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен, салалық сарапшылардан құралған комиссия отырысына шақырылды. Комиссия құрамы 7 адамнан тұрды.
Комиссия отырысында 728 үміткердің ішінен 638 үміткер бизнес жоспарын таныстырса, 90 үміткер қалалық комиссия отырысына белгісіз себептермен қатыспады.
– Барлық ұсынылған жан-жақты қаралды. Нақты айтқанда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бағаланды. Осылайша грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде Тараз қаласында 1-лекте 45 азаматқа грант қаржысын беру туралы шешім қабылданды, – дейді комиссия мүшесі, Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Адилхаир Атин.
Осы орайда комиссияның оң шешіміне ие болған жобалардың ішінде құлпынай жылыжайын ашу, тамшылатып суғару әдісін арқылы микрозелень өндіру, кір және иіс сабындарын өндіру бойынша цех ашу, балаларға арналған әдістемелік құрал жасау, оқу кабинеттерін оның ішінде логопед, дефектолог кабинеттерін ашу сынды бизнес идеяларды ерекше атап өтуге болады.
Сонымен қатар, жамбас сүйегі жетілмей туған нәрестелердің сауығып кетуіне жаңа технологиялармен массаж жасау кабинеті, қала тіршілігіне маңызды кәріз құбырын тазалау, қазақи ағаш бұйымдарын лазермен оюлатып жасау әдісі, ұзақ сақталатын құрт, ірімшік өнімдерін экспортқа шығару сынды жобалар да бүгінгі қоғамның сұранысын толығымен қанағаттандырады.
– Мен комиссия мүшелеріне логопед-дефектолог орталығын ашу жобасын ұсындым. Қазіргі уақытта аталған орталық қоғамға аса қажет. Себебі бүгінде балалар арасында тілдік дамудың кемістігі бар балалар аз емес. Ал олардың денсаулығындағы осы бір ақауды анықтап, алдын алуға мұндай орталықтардың көп болғаны дұрыс деп санаймын, – дейді жоба жеңімпазы әрі авторы Г. Жуматаева.
Тағы бір грант иегері Б. Айдарбеков те өз жобасының халықтың сұранысына орай әзірленгенін жеткізді.
– Мен ұсынған құлпынай өсіруге арналған жылыжай жобасы бүгінгі таңда аса өзекті. Өйткені, қазіргі уақытта экологиялық таза өнім зор сұранысқа ие және құлпынай – медициналық тұрғыдан жүрек қан-тамырларына бірден-бір ем. Мұны медицина мамандары да дәлелдеген. Осы жобаны іске асырсам бір адамды тұрақты жұмыспен қамтымақпыз. Комиссияның оң қорытындысын алып, мемлекеттік грантқа қол жеткіздім, – дейді грант иегері.

Тараз қаласының әкімдігі

Comments (0)
Add Comment