Қырға келін болып түскен қаланың қызы жайлаудағы жалғыз үйде кәсібін дөңгелетіп отыр

Эльмира Мағзомова Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Алғабас ауылына қарасты Сулыкөл деген жерде тұрады. Ол ел ішінде әлеуметтік желіде қырдағы еңбектің көрігін қыздырып жүрген келіншек ретінде жақсы таныс. Эльмира жеке парақшасын әңгімелесіп, шай ішетін көрші болмағандықтан, іш пысқанда ашқанын айтады. Оның пайдалы тұсы көп болыпты. Өйткені желідегі жұрт оның ауылдағы тынымсыз тірлігі мен боямасыз өміріне сүйсініп қана қоймай, қолынан шыққан құрт, май, сүзбе, қаймағына көптеп тапсырыс бере бастаған. Осылайша, ойламаған жерден кәсібін де қолға алыпты. Эльмира Мағзомова еңбекпен өрілген өмірі жайлы Тurkystan.kz тілшісіне айтып берді.

Эльмира Мағзомованың бір әулеттің келіні атанғанына бүгінде он бес жыл болған. Содан бері отбасымен жайлаудағы жалғыз үйде тұрады. Қалада өскен ақ саусақ қыз бүгінде ауыл өміріне  сіңісіп қана қоймай, көпбалалы ана атанып, шаруашылықтың жұмысын шырқ үйіріп отыр.

«Орал қаласында туып-өстім. Жолдасым Әсетпен төрт жыл сөйлесіп жүрдік, он сегізге толған бойда тұрмысқа шықтым. Қазір бес баламыз бар. Қаржы мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс істеген емеспін. Тұрып жатқан жеріміз қаладан жүз шақырымдай, бір сағаттық жер. Қырда жалғыз үй тұрамыз. Шаруа қожалығымыз осында, мал ұстаймыз. Көмекшіміз жоқ, сондықтан шаруашылықтың бар жұмысын жолдасым екеуміз атқарып келеміз. Қалада өскен маған басында аздап қиын болды. Тіпті, «Неге бұл жерге келдім?» деп жылағаным бар. Қазір үйреніп кеттім. Керісінше, қалаға барсам, ауылға қайтқым келіп тұрады», – дейді ол.

Эльмираның күні сиыр сауудан басталады. Таңмен таласа оянып, шайын ішпестен қой қайырып, сиыр айдап келеді. Сегіз сиырды сауып болған соң оның сүтін пісіреді, күбі пісіп, сүзбе сүзеді, құрт жасайды.

«Екі мезгіл сиыр сауамын. Оған екі сағат уақыт кетеді. Күбі пісемін. Сиырдан үш шелек сүзбе шығады. Келесі күні ұйып тұрады. Сүзбеден ащы құрт жасаймын. Әлеуметтік желі арқылы еліміздің әр қаласынан, Ақтау, Атырау, Астана, Шымкенттен тапсырыс жақсы түсіп жатыр. Соларға құрт, сарымай, сүзбе жасап, ішек-қарын тазалап, оны еттартқыштан өткізіп, дайындаймын. Сосын оны поштамен, таксимен беріп жіберемін. Қалаға жиі бара бермейміз. Сондықтан тапсырысты жинап, бір-ақ апарып, салып жіберемін. Өйткені шаруашылықтың тірлігінің бәрі өз мойнымызда. Балалар жазғы демалыста ғана келеді. Қырда мектеп жоқ, балаларым қалада оқиды. Оларды енем оқытып жатыр. Кішкентай төрт жасар қызым ғана қасымда», – дейді кейіпкеріміз.

Мұнда қыста қар қалың түседі. Сондықтан табиғаттың қаһарлы мінезіне төтеп беріп, сақылдаған сары аяз бен қақаған қарлы боранда мал соңында жүру оңай шаруа емес. Күнкөріс көзі болғандықтан мал күтіміне көңіл бөлу маңызды. Жем-шөбін, суын уақытында беріп, қораның қарын тазалап тұру қажет. Эльмира жолдасы екеуі бір-біріне демеу болып, осы қым-қуат тірлікті бірге атқарып жүр. Кейіпкеріміз әр сәттен қуаныш таба білу керек екенін айтады. Өйткені өмірде әрбір жанның өз жетістігі бар.

«Жиі мал соямыз, сол кезде қасында боламын, ішек-қарынды өзім тазалаймын. Малдан бөлек, арасында үй шаруасына үлгеруім керек. Иә, кейде шаршайтын кез болады. Бірақ мұндай шаршау маған тек жағымды әсер сыйлайды екен. Көбі «Қанша шаруа істеп, шаршасаңыз да қалай үнемі күліп жүресіз?» деп сұрайды. Ондайда «Түнеріп жүруге себеп бар ма?» деп айтамын. Ең бастысы, басымыз, балаларымыз аман. Еңбектеніп жүрміз, ол – кәсіп. Кәсібімнің жүріп жатқаны да жетістік. Адамдар табиғи өнім деп, алғысын айтып, қайта тапсырыс бергенде шабыттана түсесің. Бұл – керемет сезім. Жұрт батасын бергенде, шаршағанымды ұмытып кетемін. Жақында жолдасымнан сұрамай, өзімнің тапқан табысыма соңғы үлгідегі телефон, басқа да керек-жарақтарды алдым. Еңбек еткен адам жемісін көреді», – дейді ол.

Эльмираның арманы – әлем елдерін аралау. Ел, жер көргенді жаны сүйеді. «Былтыр Түркия еліне бардық, енді жолдасым екеуміз тағы шет елге шығып, демалып келсек деп жоспарлап жүрміз», – дейді ол.

https://turkystan.kz/article/234689-yr-a-kelin-bolyp-t-sken-alany-yzy-zhaylauda-y-zhal-yz-yde-k-sibin-d-geletip-otyr

Comments (0)
Add Comment