Бүгінде Көркемсурет галереясы орналасқан ғимарат «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі басты нысандардың бірі саналады. Іргесі қаланған сәттен бастап, өңірдің мәдени стратегиясының ажырамас бөлігіне, көркемдік мұраны зерттеп, насихаттайтын маңызы зор орталыққа айналды.
Көркемсурет-галереясы 1971 жылы ашылған. 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай жаңа ғимаратқа көшірілді. Ғимаратымызда заман талабына сай үлкен көрме залы орналасқан. Мұнда зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, ҚРСО мүшелерінің көрмелері,Қолөнер шеберлері, балалар мектеп үйірмелерінің көрмелері мен байқаулар,форумдар,шеберлік сағаттар, және басқа да іс-шаралар тұрақты түрде өтеді.
Өткен жылы Тараз Қазақстан қалаларының ішінде бірінші болып дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген. Биылғы жыл ақпан айында Тараз жеріне келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының қолөнершілерімен кездесті.Көрмеге қойылған қолөнер заттарының ішінен қамшыны өз қолымен сатып алғаны — мен үшін зор қуаныш, әрі ұмытылмас тарихи сәт болды! Маусым айында «Тараз қолөнершілер –қаласы» II Халқаралық көрмесі өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров,Азия-Тынық мұхиты өңірінің Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Мұртазаев Азизбек, Қазақстан Қолөнершілер Одағының төрағасы Айжан Бекқұлова және «Асыл-дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев ашылу салтанатына қатысты.. Көрмеге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей (Татарыстан), Индия, Түркменстан, Франция, Монголия, Қытай Біріккен Араб Әмірлігі елдерінің қолөнершілері қатысты. Жалпы саны 250 қолөнерші болды. Халқаралық көрмені өткізудегі мақсат: Өңірімізді әлемге танымал ету, отандық қолөнершілерді қолдау, тәжірибе алмасу және жоғалып бара жатқан қолөнер түлерін сақтап қалу және жаңғырту.
Ағымды жылдың өзінде галерея қызметкерлері бірнеше симпозиум ұйымдастырып өткізді. Мамыр айының алғашқы аптасында «Ұлы дала өркениеті» атты II Халқаралық суретшілер симпозиумы өтті. Симпозиумның мақсаты: облыстың тарихы мен мәдениетін, табиғатын, Тараз қаласының көрікті жерлерін шет елдік суретшілердің көзімен көру және оны қылқалам шеберлерінің қолымен бейнелеу. Бейнелеу өнері арқылы халықтар арасындағы достықты мәдени және рухани байланыстарды нығайту. II Халқаралық суретшілер симпозиумына Ресей, Латвия, Оңтүстік Корея, Түркия, Азербайжан, Өзбекстан, Қырғыстан ,Словакия және біздің қазақстандық суретшілер қатысты.Олар 7 күн бойы қала мәдениетімен танысып, галерея залында өз туындыларын салды. Салған туындылары көрмеге қойылып, облыс тұрғындарының назарына ұсынылды. Сонымен қатар «Тараз Жауһарлары» көркемеңбек пәні мұғалімдері, кәсіби суретшілер мен қолөнер шеберлерінің IV Халқаралық симпозиумы өтті. Симпозиумға Қырғызстан, Өзбекстан және Республика бойынша он саусағынан өнер тамған ұстаздар қауымы, суретшілер мен қолөнершілер барлығы 200-ден астам шебер қатысты, табиғат аясына шығып, Жамбыл жерінің әсем бейнесін қағаз бетіне түсірді.
Көркемсурет-галереясында ҚРСО-мүшелері, елімізга танымал суретшілер: Аманат Назарқұл, Сейсенхан Махамбет,Алпысбай Қазығұлов, Сихаев Айдархан, Хусайнов Болат және тағы басқа сурет өнері майталмандарының шығармашылық көрмелері өткізілді. Мұндай көрмелермен симпозиумдар галерея қорын толықтырып, өңіріміздің мәдениетін мұрасын сақтауға, Қазақстан бейнелеу өнерін дамытуға үлесін қосады.Мәселен бүгінде қор сақтауында 1800-ге жуық өнер туындысы бар. Қорды толықтыру мақсатында «Ұрпақтар сабақтастығы: тарих пен болашақ Жамбылдық суретшілердің көзімен» атты көрме байқауы ұйымдастырылып,қатысушылардың туындылары көпшілік назарына ұсынылады. Бейнелеу өнерін жанына серік еткен жас суретшілер де назарымыздан тасада қалмайды. Балалар мектеп үйірмелері мен бейнелеу өнер студия оқушылары арасында Сүйікті қазақ ертегілері» атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Байқаудың ерекшелігі 7 мен 16 жас аралығындағы жас буын өкілдері қазақ ертегілерін оқи отырып, ұққанын, сезінгенін қылқаламмен қағаз бетіне түсіреді. Байқаудың негізгі мақсаты өсіп келе жақан жас ұрпақ санасына ұлтымыздың ертегілері ме аңыздар арқылы балаларын назарын қазақ халқының мәдениеті мен тарихына бұрып, шығармашылыққа баулу, қазақ фольклорының алтын қорын жандандыру. Нәтижесінде үздік шыққан туындылар іріктеліп, суретшілер бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттармен марапатталды.
Бүгінде галерея қызметі өңірлік мәдениет пен өнерді дамытуға бағытталған, Орталық көркемөнерді қолдауды ғана емес, сондай-ақ оны қоғам үшін түсінікті және қолжетімді ету үшін барын салуда.
Алдағы уақытты «Көркемсурет галереясы» жоғарғыда айтылған жұмыстардың қарқынын күшейтіп, жаңа жобалар мен тың идеяларды іске асыру арқылы Тараз қаласының туристік кластерінің дамуына да өлшеусіз үлес қосуды келесі жылға жоспарлап отыр.
Балнұр Райқұлова,
Көркемсурет-галереясының меңгерушісі