ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

1995 жылы 19 қазанда Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі бірыңғай республикалық қызмет құрылды.
2008 жылы бұл күн Құтқарушылар күні ретінде ресми мәртебеге ие болды.
Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов 19 қазан Құтқарушылар күніне орай, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдай қызметкерлері мен сала ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.
Қиын да күрделі, жауапкершілігі мол саланың маңыздылығына тоқталып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ауданда төтенше жағдайға тосқауыл қойып, тұрғындар өмірін құтқаруда ерен еңбек сіңіріп жүрген әр қызметкердің жұмысы құрметтеуге лайық екендігін атап өтті.
Азаматтық қорғау, төтенше жағдай қызметінде аянбай еңбек етіп жүрген бір топ сала мамандары мен ардагерлері «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды.
Жиынға қатысқан аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев және ішкі істер саласының ардагері Татубай Тілесұлы сөз сөйлеп, кәсіби мереке иелеріне өз құттықтауларын жеткізді.
Comments (0)
Add Comment