Жамбыл өңірінде ауылды аймақтарды көгалдандыру жұмысы айтарлықтай деңгейде қолға алынған. Бұл тарапта мемлекеттің қолдауы да аз емес. Кезінде Жамбыл ауданында атақты «Шайқорық бауы» қолға алынып, 50 гектар жерге алма егу жұмыстары қарқын алған болатын. Қазір аталған жоба өз жемісін беруде. Бұл бастама бүгінде Т.Рысқұлов ауданында жалғасын тауып отыр.
Жамбыл облысы әкімдігінің белсенді қолдауының нәтижесінде ауданда «Құлан агропаркі» атты интенсивті бау егіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жалпы құны 26 миллиард теңгені құрайтын аталған жоба аясында болашақта екі мыңға жуық құландықтар жұмыспен қамтылатын болады. Өткен жылдан бастап аудан орталығы Құлан ауылында мердігер «ARNO AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 гектар жерге жылына 45 мың тонна өнім беретін үдемелі жеміс-жидек бауын отырғызу жұмыстарын бастап, күз мезгілінде 200 гектар жерге шие ағашын отырғызған болатын.
– «Агропарк Құлан» интенсивті бақша алаңына шие көшетін отырғызуды өткен жылдың қазан айында бастаған болатынбыз. Дәл қазіргі уақытта 100 гектар алқапқа Польша мемлекетінен әкелінген «Любская» тұқымды 166 мың түп шие отырғызылды. Көшетке барлығы 620 миллион теңге жұмсалды. Ауданда бау-бақшаны салуға толықтай жағдай жасалған, – дейді «ARNO AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мақсат Қуанышұлы.
Бүгінгі таңда «Агропарк Құлан» интенсивті бауында 50-ге тарта жұмысшы жұмыс істейді. Ал 2020 жылға дейін ауданда 600 гектар жерге алма, 200 гектар жерге жаңғақ және 100 гектар жерге жүзім егу жоспарланып отыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, егер жоба толықтай жүзеге асқан жағдайда екі мың адам жұмыспен қамтылатын болады.
Қазіргі кезде Т.Рысқұлов ауданы мыңдаған гектар жерге көшет отырғызу жұмыстарын қарқынды қолға алуда. Мәселен Тереңөзек ауылынан 188 гектар жерге «KazAlma» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі интенсивті алма бағын отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Келешекте шағын ауыл аймағында алма өсіріліп, оның жақсылығын халық көретін болады.
– Сатып алынған шие көшеттеріне бүгінде тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Бұл мақсатқа несиелік қаржыландыру есебінен 386 миллион теңге жұмсалды. Польша тәлімбағынан 139 мың 944 дана көшет және «SolDrip» брендінің тамшылатып суару құралы алынды. Жобаны жүзеге асыруға Құлан ауылшаруашылығы колледжі өз үлестерін қосып отыр. Аталған жоба «Құлан агропаркі» интенсивті бауының алғашқы нысаны, – дейді Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаев.
Сонымен қатар ағымдағы жылы ауданда 40 гектар алқапқа интенсивті алма бағын отырғызу жоспарланып отыр екен. Бүгінгі таңда тартылған инвестиция көлемі 1,2 миллиард теңгені құраған. Бұл да Жамбыл өңірінің экономикасы үшін маңызды стратегиялық қадам, аймақта өрлеудің жаңа кезеңінің бастауы әрі отандық өнімді өндіруге деген тың қадам болмақ. Сондай-ақ аграрлық ауданның тұрғындары үшін де бұл бастама нәтижелі еңбектің бастауы болып отыр. Болашақта Құлан жерінің қалың орманға айналғанын көретін күн алыс емес…