Сағат түнгі 12-ге таяп қалған. Жәнібек әдеттегідей бүгін үйге теңселіп кірді. Тағы ішіп алған. Табалдырықты аттай бере сүрініп жығылды да, жарды жағалай жүре ортаңғы бөлмеге енді. Кіре сала жан-жағын көзімен сүзіп, ұрынарға қара іздегендей айналасына жалтақ-жалтақ қарайды. Барлық бөлмені шолып шықты да, әйелі Жанар отырған төргі бөлмеге кіріп келді. Жанар күйеуінің келгенін естісе де елемегендей.
Бас көтеріп, кімнің келгенін көруге мұршасы жоқ. Таңертеңгі сабағына дайындалып отыр. Мұнысы Жәнібектің ашуына тиді.
– Ей, қатын, көрмейсің бе? Мен келдім. Тамағың қайда? Қағаздарыңа жабысып қалдың ба? – деді дауыстап. Жанар дым демеді. Әншейінде күйеуінің ұрысына айтары даяр тұратын Жанардың бүгін бірдеңе деп жауап қайтарғысы жоқ. Егер бірдеңе дер болса, тағы да күйеуінің таяғына жығылып, таңертеңгі өтетін ашық сабағына дайындығы жайына қалады деп қорқады. Сондықтан «сөйлесем, бәлеге қалармын» деп үнсіз отыра берді.
Жәнібек «ә» десе, «мә» деп жауап қайыратын Жанар өзінің бүгінгі үнсіздігіне қайран қалуда. Бұрындары қарап қалмайтын. Онысы Жәнібекке жағатын. Өйткені өзіне кері жауап қатса, «Сен қатынға тіл шығыпты» деген сылтаумен байқұсты көкала қойдай сабап, сыбағасын беретін. Тіпті айызы қанғанша, тоқтаусыз ұратын.
Мұнысына куә болған жақын-жуығы Жәнібекке «тәубеңе келсеңші, қатынды ұрып абырой таппайсың. Шаңырағыңның берекесін қашырып, өз қолыңмен шайқалтпасаңшы» деп талай ақыл айтқан-ды. Бірақ мұны құлағына қыстырып жатқан Жәнібек жоқ. Өзіне жаны ашыған жақындарына «менің шаңырағымда шатағың болмасын», – деп жауап қайыратын ол.
Бірде Жәнібек Жанарды жұдырықтың астына алып жатқан сәтінде үйге жолдасы Нұрғиса кіріп келген.
– Жәке, қойсаңшы! – деген ол досының білегінен ұстап, сыртқа шығарып алып: «Әйелді ұрғаннан не ұтасың? Айтшы маған? Осы уақытқа дейін тепкіге алып, төпелеп келесің. Ұрғаннан ақыл кіре ме, әлде? Ақыл кірсе, ашуыңды ауыздықтай алар едің ғой. Болмашыға бола жұдырық ала жүгіре бермес едің… Сыйлатқың келсе, өзің сыйлай білуің керек емес пе? Бәрін қойшы, ана балаларыңды аясаңшы, досым. Сендер үшін жаны жараланып, жылағаны жаныңа батпай ма? – деді Нұрғиса Жәнібекке.
– Нұреке, дұрыс қой айтуың. Бірақ мен Жанарды себепсіз ұрмаймын. Өзі тілінен табады. Таяққа өзі сұранады. Сосын қалай ұрмайсың, – деген сонда Жәнібек досына.
Бүгінгі жағдайға Жәнібек те біраз таңданып қалды. Әдеттегі жағдайға үйреніп қалса керек. Бірақ біраз сәттен соң, Жанардың сұрақтарды жауапсыз қалдырып, жұмған аузын ашпай отырғаны да ашуына тие бастады. Аяғын тәлтіректей басқан күйі Жанардың жанына келіп:
– Тіліңді жұтып қойдың ба? Әлде менімен үндемес ойынын ойнауға көштің бе? — деп сөзбен түйрей кетті.
– Жәнібек, мазамды алмашы. Сенімен сөз таластырып, дауласқым келмейді. Көріп тұрсың ғой, жұмыс жасап отырмын. Таңертең ашық сабағым бар, – деді Жанар.
– Өй, жұмысыңды сенің. Қазір қағаздарыңмен қосып қиратармын сені! – деп қораз секілді қоқиланып қояды. Өзін жан алғыш әзірейіл көретіндей тіпті. Жанар мұнысына мән бермегендей кейіп танытты. «Жәке, Құдай үшін, демала қойшы. Балалар да демалсын», – деді жалынышты түрмен. «Балалар» деген сөзге жібіді ме, әйтеуір бұл жолы Жәнібек: «Қатын, бүгін сенің жолың болды. Құдайыңа рақмет айт», – деді де, аяғын сүйрете басып, балалар жатқан бөлмеге ентеледі. Мұнда қызы Әдемі мен ұлы Дастан жер үстелдің жанындағы төсекте ұйықтап жақан еді. Үстелдің үстінде қызының кітап-дәптерлері шашылып жатыр. Жәнібек ұл-қызының жанына жақындап, олардың ұйықтағанын қызықтап, қарап тұр. Аяғы талған ол балаларының аяқ жағына отыра кетті. Кенет үстел үстіндегі тұрған қағаздың бетінен «Құдайға хат» деген жазуға көзі түсті. Үңіле қарап тұр. Жақындай түсіп, қағазды қолына алды. Тайға таңба басылғандай жазу қызы Әдемінікі екен. Жәнібек дереу хатты оқи жөнелді.
«Құдай, сіздің барлық адамның тілегін орындайтыныңызды білемін. Менің тілегімді де орындаңызшы, жалынамын, – деп бастапты қызы жазған хатын. Жәнібек хатты ары қарай оқи түсті. «Құдайым, мен әкем арақ ішпесе екен деп тілеймін. Ол енді арақ ішпейтіндей ете аласыз ба? Ол ішіп келген күнді жек көремін. Сау кезінде одан жақсы адам жоқ. Ал ішкенде оны танудан қаламын. Соңғы уақытта күн құрғатпай ішіп жүр. Үйге келіп бәріміздің мазамызды алады. Әсіресе, анамның. Мазасын алды деген жай сөз. Анамды ұрады. Оны қатты аяймын. Жаным ашиды. Білесің бе, бірде әкем ішіп келіп, анамның ішінен тепті. Ол кезде анам жүкті болатын. Інім өмірге келеді деп күткен едік. Өкінішке қарай, одан айырылып қалдық. Сол кезде анам әкем өліп қалса екен деді. Бірақ мен оның өлгенін қаламаймын. Өйткені әкемді жақсы көремін. Анамды да. Екеуі ұрыспаса екен деймін. Бізге олар Дастан екеумізге тату болыңдар дейді, бірақ өздері үнемі ұрысады.
Құдай, оларға айтасыз ба, тым құрығанда біз үшін тату болсын. Үйде тыныштық болғанын қалаймын. Оған айтыңызшы, енді ішпесін. Біздің тыныштығымызды бұзбасын. Түсіне кіріп, айтсаңыз сізді тыңдайды. Осы тілегімді орындаңызшы! – деп аяқтапты Әдемі жазған хатын.
Жәнібектің жанарынан тамған жас қолындағы дәптердің бетін жуып өтті. Қызының жазған хаты қатты әсер етті ме, әйтеуір жасын тыя алар емес. Осы сәтте өзі жар етіп алған адамына жасаған қиянаты мен қорлығы көз алдында көлбеңдей берді. Қызының жазбасынан соң, ес жиған Жәнібек осыған дейін барлық азапқа шыдап жүрген әйеліне жаны ашып кетті. Өз-өзіне ызаланған ол: «мен нағыз көр соқырмын, балаларымның бақытын ұрлаған, өз үйімнің берекесін қашырған не деген сорлы адам едім», – дейді іштей. Әйелінің жанына келіп, бәрі үшін кешіріп сұрап, алғаш үйленгендегідей құшағына қысып, бауырына басқысы келген. Бірақ бата алмады. Қызы мен ұлының жанына жақындап, екеуіне көз алмастан қарап тұр. Қызы Әдемі Дастанды құшақтаған күйі ұйықтап жатыр. Әдетте Әдемі Жәнібек мас болып келсе, Дастанды ертіп, бөлмеге жүгіреді. Бүгін де сол әдеттегі ісінен жаңылмады. Әкесі үйге кірген бойда жылаған інісін жұбатып, оны ұйықтатпақшы болды. Өйткені Дастан әкесінің ішкендегі айқайынан қорқатын. Түпкір бөлмеге тығылған күйі шықпастан қалады. Жанар Дастан екеуіне әркез шықпаңдар дейтін. Бұған балалардың еті әбден үйренген. Бүгін де Әдемі төрттегі інісін алып, ұйықтатып әлек. Өзінің де ұйқысы келген. Бірақ әкесі тағы да анасын ұра ма деген қорқыныштан көзін іле алар емес. Құдайдан әкесінің арақты қойғанын тілеп жатыр. Соны қайталап айта берді, айта берді. Сөйтіп жатып ұйықтап та кеткен еді. Бала ғой. Шаршағаннан сұлқ түсіп, түк білмей ұйықтап жатыр.
Әлгі хаттан соң, Жәнібек қызына ұзақ қарап тұрды. Қаршадай қызының көңіліне қаяу салғанына қамықты. Қызының жанына жақындап, шашын сипап, маңдайынан сүйді де: «Қызым, мен енді арақты татып та алмаймын. Сөз беремін. Сен үшін, Дастан үшін және анаң үшін. Енді ішсем, адам болмай кетейін. Балалық бақыттарыңды ұрлап, өзімнің құр құлқынымды ойлағаным үшін сендерден кешірім сұраймын. Мен енді сендерді бақытты ету үшін ғана өмір сүремін. Сендердің кіршіксіз көңілдеріңді кірлетпеуге, аналарыңды жылатпауға тырысамын. Құлындарым менің! – деп Жәнібек көзінің жасын сүртіп, қызының жазған хатын төс қалтасына салды да, балаларының жанына жантая кетті.
А. ЖҮСІПОВА, qazaly.kz/zanalyk