Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен өңір активінің отырысы өтті.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының ел дамуындағы маңызы, тарихи құжаттан туындайтын міндеттер жайы сөз болды.
Актив отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Сәбитұлы Календеров модераторлық етті. Жиынды ашқан Нұржан Сәбитұлы Президент Жолдауының өңірдің экономикалық және әлеуметтік салаларын цифрлық тұрғыда жаңғыртудағы айрықша маңызын атап өтті.
Мұнан соң облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз алып Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудың маңызы жайында сөз қозғады.
Жиында сонымен қатар білім беру саласының ардагері Дәмеш Өскембаева баяндама жасап, Жолдауда білім саласына қатысты бірқатар маңызды бастамалар көтерілгенін айтты.
– Маңызды құжатта білім сапасын арттыру, цифрлық дағдыларды күшейту және жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу туралы нақты міндеттер белгіленді. Қазіргі таңда осы бағыттарда өңірімізде нақты жұмыстар атқарылып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүріп, алты мектеп пайдалануға берілді. Тағы бір білім ордасының құрылысы жалғасуда. Бұл жаңа форматтағы мектептердегі сыныптардың толымдылығының азаюы білім сапасына оң ықпал етеді. Өңірде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Smart мектеп» жобасы аясындағы педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинарлар өте құптарлық бастама. Сондай-ақ «Daryn AI» платформасында 16 мыңнан астам педагог жасанды интеллект бойынша оқытудан өтті. Дейтұрғанмен қандай технология келсе де, білім беру саласының өзегі адам, тәрбие және адами құндылықтар болып қалуы тиіс, – деді Дәмеш Өскембаева.
Өз кезегінде жарыссөзге шыққан Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округының әкімі Жанар Нұрмұратқызы Жолдауда алдағы кезеңге арналған саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары айқындалғанын жеткізді.
– Елді мекендерді цифрландыру – ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын теңестіруге ықпал етеді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы тиіс. Жолдауда айтылғандай алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жаңа даму кезеңінің негізгі міндеттерінің бірі болып отыр. Осы мақсатта ауылдарды цифрландыру жұмыстарының маңыздылығы ерекше атап өтілді.Бұл бағытта барлық ауылдарға арнайы модельдік байланыс желілерін, телемедицина және басқа да цифрлық қызметтерді орнату, сондай-ақ жаппай цифрлық инфрақұрылымға көшу бойынша нақты жұмыстар атқарылатын болады. Мемлекет басшысы ауылдың дамуы тиімді жергілікті басқару мен халықпен ашық байланысқа тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы орайда жыл сайынғы президенттік бастамалар ауыл халқына жаңа серпін беріп келеді. Бүгінде Қазақстан ұлттық жобалары аясында табиғатты, су мен электр энергиясын үнемдеу мәдениеті қалыптасып келеді, – деді Жанар Нұрмұратқызы.
Жиынның негізгі баяндамасын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жасады. Ол Жолдаудың мазмұны мен негізгі басымдықтарын түсіндіре отырып, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға енгізудің мемлекеттік саясаттағы шешуші кезеңге айналғанын атап өтті. Сондай-ақ өңірлерге арналған тапсырмалар мен алдағы реформалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылу тетіктеріне тоқталды.
– Жамбыл өңірі – әрдайым дамып келе жатқан аймақтың бірі. Инвестиция тарту қарқыны жоғары, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Таяуда ғана елордада өткен баспасөз мәслихатында Ербол Шырақпайұлы облыстың даму барысы туралы толық ақпарат берді. Брифинг барысында соңғы жылдары өңірдің жетістігі мол екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдаудың алғашқы бөлімінде күрделі халықаралық жағдайға жан-жақты талдау жасады. Шынында да, бүгінгі кезең – өте қиын кезең. Әлем елдері арасындағы экономикалық және саяси тартыстар, ірі державалар арасындағы қайшылықтар жаһандық тұрақсыздықты күшейтіп отыр. Мұның әсері Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға да тікелей тиіп жатыр. Көршілес мемлекеттердегі жағдай, шекара мәселелері сияқты факторлар да күрделене түсуде. Осындай сын сағатта біздің ең басты міндетіміз – мемлекеттілікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту. Халықтың ішінде жүріп, елге қызмет етіп отырған біздер үшін бұл ең жоғары құндылық болуы тиіс. Ақпараттық технология дамыған, жаңа заман орнаған тұста мемлекетіміз де жаңа талаптарға бейімделуі қажет.
Қазақстан бүгінде цифрландыру бойынша алдыңғы 20 елдің қатарында. Жасанды интеллектіні әр салаға енгізу бойынша да алғашқы он мемлекеттің ішінде тұрмыз, тіпті кей бағыттарда АҚШ пен Қытайдан кейінгі үштікте келеміз. Десе де Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық трансформация түпкі мақсат емес, оның басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту, елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейту екенін атап өтті.
Ел Президенті сол секілді Жолдауда ауқымды саяси реформаларды жалғастыру қажеттігін айтты. 2022 жылдан бері елімізде жүйелі саяси, экономикалық, конституциялық өзгерістер жүзеге асып келеді. Жалпыұлттық референдумнан кейін Конституцияға маңызды түзетулер енгізілді. Суперпрезиденттік басқарудан президенттік-парламенттік республикаға өттік. Бүгінде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделі орнықты, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Кеңесші сонымен қатар биылғы Жолдаудың маңызды тұстарының бірі – бір палаталы Парламентке көшу туралы ұсыныс екенін айтып өтті. Бұл – ел Президентінің заң шығару процесін тиімді етуге бағытталған батыл реформасы. Конституциялық соттың құрылуы, саяси партияларды тіркеудің жеңілдеуі сияқты бастамалар да осы реформалар тізбегінің жалғасы. Президент ұстанымындағы әділдік, сабақтастық және өрлеу қағидаттары осы өзгерістердің мәнін айқындайды.
– Ұлттық құрылтайдың да орны ерекше. Соңғы төрт құрылтайда жүзден астам өткір мәселе көтеріліп, қырықтан астам заң қабылданды. Биылғы өткен Ұлттық құрылтайдың өзінде 53 мәселе көтерілсе, сол 53 мәселенің сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешімін табу мақсатында Президент 53 тармақтан тұратын Жарлыққа қол қойды. Яғни бағдарламалық баяндамада айтылған мәселелер өз шешімін табады. Келесі жылға жоспарланған 100 жылдығын атап өткелі отырған Қызылорда облысында ұйымдастырылатын құрылтай да маңызды оқиға болатыны анық.
Тағы бір айта кетерлігі Президенттің тәуелсіздікті бәрінен биік қоюы – мемлекеттің стратегиялық бағыты. Тәуелсіздік – біздің ең қасиетті құндылығымыз. Қанша мектеп, аурухана салынып, қанша өндіріс орны іске қосылып жатқанын көріп жүрміз – мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздікті сақтау – әр азаматтың парызы. Мемлекет мүддесін бірінші орынға қою – ел бірлігінің негізі. Қазақ рудан құралғанымен, руға бөлінбеген халық. Ынтымақ пен бірлік – біздің басты асылымыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының да 30 жылдығы осы бірліктің символы.
Президент көтерген жеті қағидаттың бірі – тазалық. Тазалық деген тек көшені сыпыру емес, ең алдымен сана тазалығы, жүрек тазалығы, ниет тазалығы. Сана таза болса, елдің де, ортаның да тазалығы өзінен-өзі реттеледі. Ең бастысы бірлік пен ынтымақ, сенім мен қолдау – ең құнды қасиеттер екенін ұмытпағанымыз жөн. Осыларды сақтай отырып, біз әділетті, қуатты, заманауи Қазақстанды бірге қалыптастырамыз. Шерхан Мұртазаның айтқан сөзі бар еді. «Адалдық пен арамдық арпалысқан заманда Алла арамдықтан сақтасын! Тектілік пен тексіздік текетірескен қоғамда Тәңірі тексіздіктен сақтасын! Көргенділік пен көргенсіздік кескілескен кезеңде Құдай көргенсіздіктен сақтасын. Сөзімді осы нақылмен аяқтағанді жөн көріп отырмыз, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Жиынды қортындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров отырыста сөз болған мәселелер назарға алынып, бұл бағыттағы жұмыстардың жедел әрі сапалы түрде ұйымдастырылуына көңіл бөлінетінін жеткізді.