«Көзі шығып кеткен бе»: Бишімбаевтың адвокаттары Нүкенованың ағасының ашуына тиді

Фото: кадрдан скриншот

Бишімбаевтың адвокаттарының бірі Ерлан Ғазымжанов Айтбек Амангелдіден “Салтанаттың денесін көрдіңіз ба, сараптама нәтижесін көрген шығарсыз, оның миының тұсы ойылып, көзі шығып кеткен бе” деп сұрады.

Жауап берушіге бұл сұрақ ауыр тиіп, ол теріс бұрылып кетті.

Нүкенов отбасының адвокаттары “ол бұл сұраққа жауап беретіндей осы саланың маманы емес, сараптама нәтижесін қараңыздар, сол жерде бәрі бар” деп шағымданды.

Бишімбаевтың адвокаты “мен жәй ғана көрдіңіз бе” деп сұрадым деп ақталды.

“Мен өлген қарындасымның денесінен көптеген жарақат көрдім, менен сізге не керек? Сараптама жасалған суреттерді алып, кестені көріңіз. Оны неге менен сұрап тұрсыз?” деп ашуланды Айтбек Амангелді.

Судья “сіздің жағдайыңызды түсініп тұрмыз, сонда да сабыр сақтауға тырысыңыз. Тәртіп сақтамағаныңыз және сотқа құрметсіздігіңіз үшін жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Қорғаушылар, сұрақты дұрыс қойыңыздаршы” деп ескерту жасады.

Сонымен қатар Бишімбаевтың қорғаушылары Салтанат Нүкенова күйеуін ұрды дегенге келтіруге тырысты. Марқұмның ағасы қарындасының салмағы 45-50 келі болса, айыпталушыныкі одан екі есе көп екенін атап өтті.

Айта кетейік, Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Барлығы 12 алқаби бар, оның 10-ы негізгі, екеуі запаста. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды.

Бишімбаев тарапы соттан орыс тілінен қазақ тіліне аудармашы беруді сұрады.

Зардап шеккен тараптан жауап алу басталды. Сот сұрақтарына Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді жауап беріп жатыр.

Марқұмның ағасы қарындасымен жазысқан хаттарды оқып берді.

https://stan.kz/menen-sizderge-ne-kerek-sot-nukenovanin-agasina-eskertu-397640/

Comments (0)
Add Comment