Қостанайда көпірден секірмек болған әйел құтқарылды

Қостанайда көпірден секірмек болған әйел құтқарылды. Полицейлер жеткенше оның аман қалуына жергілікті тұрғын көмектескен, – деп хабарлайды рolisia.kz сайты.

Бүгін сағат 14:10-да 102 пультіне көпірден секірейін деп тұрған әйел туралы хабарлама түседі. Бұл ақпаратты сол маңнан өтіп бара жатқан көлік жүргізушісі жеткізіпті. «Тезірек келіңіздер, мен оны құтқаруға тырысамын» деген ер адам. Оқиға орнына полиция аға лейтенанты Жалғас Шонов пен полиция капитаны Дулат Арманов тез арада жетеді.

– «Біз келген кезде ер адам әйелдің қолынан ұстап тұрды. Оны көпір үстіне шығаруға тырысып жатты», – дейді Жалғас Шонов.

Полицейлер әйелді шығарып, оны полиция көлігіне отырғызған.

– «Құтқарылған адамның жағдайы онша емес болды, тіпті аты мен тегін де айта алмады. Бізге оны шұғыл түрде полиция бөлімшесіне жеткізуге тура келді», – дейді Дулат Арманов.

Абыр-сабыр кезде оқиға орнында бірінші болып табылған жүргізуші полицейлердің әйелге алғашқы медициналық көмек көрсеткеніне көз жеткізіп, кетіп қалған.

«Қиын жағдайдағы батыл әрекеті мен көмегін атап өту үшін біз ержүрек қостанайлықтан хабар күтеміз», – деді полициядан.

Comments (0)
Add Comment