Қостанайда орталық алаңда Наурыз мейрамына арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Оған қала тұрғындары мен қонақтарын қосқанда шамамен 30 мың адам жиналды. Мерекелік бағдарлама аясында концерттер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, этноқалашықтағы шара ерекше сән-салтанатпен өтті. Онда қонақтарды киіз үйлерде құрметпен қарсы алды. Оларға бауырсақ пен жаңа жылдағы береке мен молшылықтың нышаны саналатын наурыз көже ұсынылды.
Қала көшелерінде оннан астам ұлттық асханалар жұмыс істеді. Сонымен қатар қолөнер көрмелері, дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар, тақырыптық флешмобтар мен түрлі мәдени акциялар өткізілді. Іс-шаралардың ең маңыздысының бірі – табиғаттың жаңаруы мен түлегенін дәріптейтін “Бақ-береке бастауы – әз Наурыз” атты фольклорлық-этнографиялық мереке болды. Бұл мерекеде тұрғындар ұлттық ойындарға қатысып, салт-дәстүрлерді жаңғыртып, бір-біріне ақжарма тілектер айтты.
Мерекенің басты нысандарының бірі – Allur зауыты ұсынған Digital-киіз үй болды. Бұл Қазақстандағы ең ірі жобалардың бірі. 18 қанатты, 150 адамға дейін сыятын киіз үй дәстүрлі формат пен заманауи технологияларды ұштастырды. Мұнда баланың инженерлік қызығушылығынан бастап жоғары технологиялық өндіріске дейінгі жолын көрсететін интерактивті көрме ұйымдастырылды.
Киіз үй барлық келушіге ашық болды. Қонақтар балалар шығармашылығы, 3D модельдеу және робототехника аймақтарымен танысып, автокөліктерді VR арқылы құрастыруды байқап көрді. Сонымен қатар өндіріс қауіпсіздігін нақты уақыт режимінде қамтамасыз ететін жасанды интеллект элементтері бар ситуациялық орталықтың жұмысын көрді. Ерекше қызығушылық тудырған тағы бір аймақ – ұлттық стильде цифрлық бейнелер жасайтын жасанды интеллект алаңы болды. Мерекелік шолу барысында бұл экспозицияны Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та тамашалады.
Мерекенің қорытынды нүктесі шамамен 3,5 метрлік “Digital Baiterek” инсталляциясы болды. Облыс әкімі символикалық рәсімге қатысып, тілек лентасын байлады.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл жоба Allur компаниясының ұстанымын көрсетеді: болашақ мамандарды даярлаудан бастап, өндірісте озық технологияларды енгізуге дейінгі жолды қамтып, ұлттық дәстүрлер мен заманауи инновацияларды үйлесімді ұштастырады.