Қала тұрғындары жеке үйлерін құрылыс компанияларына да, мемлекетке де сатқысы келмейтінін айтып, шағымданды. Ал құрылыс салушы жеке үйлердің орнына мектеп, балабақша, саябақ, монша кешені мен көпқабатты үйлерді салуды жоспарлап, жобасын дайындаған. Тұрғындар жоба мақұлданса, тиын-тебенге үй аламыз ба деп қорқып, қоныстанған жерін бұзуға келіскісі келмей отыр.
“Мен зейнеткермін. Қазіргі жерімді сатсам арзан бағаға кетеді. Сол бағаға сатуға келіссем”, – дейді тұрғын Александра Козыренко.
Әкімдік мәліметінше, жаңа нысанды салу үшін заң бойынша кемінде 10 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспар құру керек. Ал құрылыс салушы жеке тұлғаға тиесілі стадионның орнына тұрғын үй кешенін салатындықтан, сол үйге жақын маңнан құрылыс жобасын дайындаған. Сондай-ақ жоба төрт жыл бұрын бекітілген бас жоспарды ескере отырып әзірленген.
“Қазіргі уақытта бұл жоба бойынша барлық колледждер орнында қалды, оларды бұзуға құқығымыз жоқ. Ескі үлгідегі тұрғын үйлер бас жоспарға енгізілмесе, оларды да бұзуға құқығымыз жоқ. Бірақ өкінішке қарай көп бөлігі бұзылады”, – деді сәулетші Рашид Бектұров.
Әкімдік мәліметінше, егжей-тегжейлі орналасу жоспарлары сараптамадан өтпейінше, ешкім үйді бұза алмайды. Сондай-ақ олар тұрғындардың баспанасын күштеп тартып алмайтынын айтты.
“Егер осы объектілерді салуға ниет білдірген құрылыс салушы пайда болса, сізде нарықтық құны бойынша шарттық негізде азаматтық-құқықтық қатынастар болады. Егер сатуға келіссеңіз сомасын айтыңыз, егер бағасына келіспесеңіз ешкім сізді өз үйіңізден қуып шыға алмайды”, – деді Қостанай қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиева.
Бірақ тұрғындар билік құрылыс салушыларды қолдайды деп санайды. Ал олардың үйінің бағасы қазірдің өзінде арзандап кеткен.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы «Нұркент» тұрғындары саябақ орнына тағы бір кешен салынатынына наразылық білдіргені туралы жазған едік.