Қостанай қаласының №2 сотында Qnet қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған әйелге қатысты іс қаралды.
Сотта анықталғандай, айыпталушы 2017 жылдың тамызы мен 2022 жылдың қыркүйегі аралығында Қостанай облысының аумағында бүкіл әлем бойынша түрлі өнімдерді ұсынып, интернет-саудамен айналысатын Qnet халықаралық компаниясының тәуелсіз өкілі болып тіркеліп, қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған. Сондай-ақ, ол ұйымды жарнамалауға бағытталған іс-қимылдарды үйлестіре отырып, азаматтарды алдау арқылы қаржы пирамидасына қатысуға көндіріп, оларға екінші деңгейдегі банктерден несие алуға көмектескен.
Осылайша, ол «Qnet» компаниясына жалпы көлемі 86 млн теңгеден асатын 94 азаматтың жинақтарын тартқан.
Сот барысында әйел өз кінәсін мойындамай, оны ақтауды өтінген.
Сотталушының жеке басын, ұзақ уақыт бойы жасалған және өзі өтемеген 94 жәбірленушіге материалдық залал келтірген іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот И.-ға қаржы, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады, – делінген сот хабарламасында.
https://turkystan.kz/article/245307-kostanai-oblysynda-qnet-karzhy-piramidasynyn-basshysy-sottaldy