Билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табу мақсатында ағымдағы жылдың 15-19 маусым аралығында Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл және Степной ауыл тұрғындары арасында көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізілетін болады. Жоспарланған көшпелі қоғамдық қабылдаудың алғашқысы бүгін Сарыбұлақ ауылдық мәдениет үйінің алдында өтті. Қоғамдық қабылдауға аудан әкімі Р.Дәулет, аудан прокуроры Н.Ұласбекұлы, жергілікті полиция бөлімінің басшысы М.Ережепов және аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сынды халыққа қажетті деген мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Ауданымызда төтенше жағдай жарияланған кезеңнен бастап аудан әкімінің тұрғындарын қабылдау тоқтатылып, тек электронды түрде қабылданған болатын. Тиісінше, тұрғындарды толғандырған мәселелер қатары көбейіп, кеңес берудің алғашқы күнінде 80 –ге жуық ауыл тұрындарына кеңес берілді, олардың ұсыныстары ескеріліп, хаттамаға түсірілді. Көпшілікті толғандырған басты мәселе – суармалы су, жайылым жер, үй мен жер кезегі және мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу, әлеуметтік көмектер алу сынды мәселелер көтерілді. Қабылдауға тиісті саланың жауапты басшылары қатысқандықтан, әр мәселеге жекелей тоқталып, оларға дер кезінде жауап қайтарылды. Бұл күнгі қабылдауда, тек жеке мәселе ғана көтерілмей, аудан әкіміне ауылдың тыныс-тіршілігіне қатысты ұсыныс-тілектерін жеткізген азаматтардың қатары да болды. «Ауылымызға келер жылы спорт кешені салынады деген хабарды естіп қуанып жатырмыз, осы игі шара қолдау тапқанына қуаныштымыз, ендігі мәселеміз ауылымыздағы білім ордасының қазандығын қатты отыннан газға ауыстырса, бірқатар ауылішілік жолдар жөнделсе екен деген ниетіміз бар, уақыт тауып халықтың ортасына келген Сізге алғысымыз шексіз»- деп аймақ басшысына Сарыбұлақ ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы М.Алтыбаев ауылдастарының тілегін жеткізді. Қоғамдық қабылдаулар барысында медициналық бетперделер кию, арақашықтық сақтау сынды барлық санитарлық талаптар сақталды. Дәл мұндай қоғамдық қабылдаулар жалғасын тауып, алдағы үш күнде өзге де ауылдарда өткізілетін болады.