Бүгін аудан әкімдігінде 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі ардагерлерге құрмет көрсетті.
Мәден Тоқтарбайұлы шараға қатысқан түрлі саланың еңбек сіңірген қызметкерлері, ауданның Құрметті азаматтарын мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Ұзақ жылдар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қариялар қоғам өміріне әлі де белсенді араласып жүр.
«Қариялардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы екені анық. Алдағы уақытта да Сіздердің жас ұрпақ тәрбиесіне етене араласып, ақыл-кеңестеріңізді беріп, бірлік – берекенің ұйытқысы бола береді деп сенеміз. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін»,- деп ізгі тілегін білдірген аудан басшысы қабылдауға қатысқан барша ардагерлерге сый-құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Сонымен қатар, еңбек ардагері, 100 жастағы Естаева Қатипаға, 12 баланы дүниеге әкелген батыр ана, еңбек ардагері Рысдәулетова Алтынкүлге және денсаулық сақтау саласының ардагері Тайчибекова Сайлаукүлге салтанатты түрде
Қордай ауданының «Құрметті ардагері» атағы беріледі.
Сондай-ақ, сауда саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Шербина Валентинаны 80 жас мерейтойымен құттықтады.
Жиын соңында Мәден Тоқтарбайұлы ауданда атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар жайында баяндап, ел ағаларының ақ батасын алып, ұсыныс-тілектерін ескерді.